Жамбыл облысында инвесторлардың мәселелерін шешу бойынша арнайы іс-шаралар жоспары әзірленеді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өңірлік инвесторлар кеңесі өтті.
Аймақ басшысы басқосуда инвестиция тарту өңір экономикасы үшін ең маңызды мәселелердің бірі болып табылатындығын, аймақтың химия өнеркәсібі мен басқа да кәсіптерді дамытуға әлеуеті зор екендігін атап өтті.
Ағымдағы жылы облыстың қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысына сәйкес, негізгі капиталға 268,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 108 пайыз деңгейінде қалыптасқан.
— Мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастырып, кәсіпкерлер қоғамға қызмет етсе, бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіндігі сөзсіз.
Жалпы халық игілігі үшін билік пен бизнестің тығыз жұмыс жасауы маңызды. Осыған орай, Сіздерді жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын. Бұл ретте, әр апта сайын өтетін инвестициялық штаб жұмысының тиімділігін атап өтуге болады.
Ашық алаң бизнес мәселелерін жедел шешуге көмектесіп, инвестиция тартудың құралына айналуда,-дей келе облыс әкімі жергілікті билік инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсету, дамыту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайтынын жеткізді.
Бұдан соң облыста ірі жобаларды жүзеге асырушы инвесторлар кезекпен сөз алып, жұмыстарының барысы, туындап отырған мәселелері және ұсыныстарын ортаға салды. Олардың қатарында «МХК «ЕвроХим» АҚ бас директордың арнайы жобалар жөніндегі орынбасары Катерина Дьяченко, «YILDIRIM» компаниялар тобының сода күлі мен туынды құралдарын өндіру жөніндегі CEO бас директоры Исмайл Джейлан, «Кazakhmys Holding» ЖШС директоры Сәкен Шаяхметов, «Шоқпар ЖЭС» ЖШС жоба-менеджері Наурызбек Жумагазин, «Talas Investment Company» ЖШС қаржы бөлімінің бастығы Азиз Мусаев, «Tas market» ЖШС директоры Алмасбек Омаров, «Monterra Qazaqstan» ЖШС директоры Дәулет Сейдахметов және тағы да басқа компаниялардың басшылық өкілдері бар.
Облыс әкімі кәсіпорын басшыларының көтерген мәселелерін шешу бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы аталған мәселелер бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
— Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, қоғамдық әл-ауқатты арттыру секілді мәселелерді шешу бойынша берген тапсырмаларын тыңғылықты орындау қажет.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқан. Ел дамуындағы оң өзгерістер бизнеспен тікелей байланысты болғандықтан саяси реформаларды бірлесе жүзеге асыру керекпіз,-деді Ербол Қарашөкеев.
Жамбыл облысы әкімдігі