Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары басталды.

Ағымдағы жылы өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 770,4 мың гектарға орналастырылады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артық.
Нақтырақ айтқанда, 398,3 мың гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 72,1 мың гектарға майлы дақылдар, 44,8 мың гектарға көкөніс, 10,4 мың гектарға қант қызылшасы, 11,8 мың гектарға картоп, 16,8 мың гектарға бақша дақылдары және 216,2 мың гектарға мал азығы егілмек.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Ағымдағы жылы ауа-райының жылы болуына байланысты көктемгі дала жұмыстары ертерек басталуда. Бұл орайда дайындық барысындағы мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жан-жақты айтылды.

Аймақ басшысы болжамды көрсеткіш бойынша биыл да суармалы су мәселесі туындайтынын ескертіп, ол бойынша алдын-ала нақты шаралар қабылдау үшін тиісті тапсырмалар берілгендігін атап өтті.
— Мен бұған дейін қоймаларды барынша су қорымен толықтыру, ол үшін канал, арықтарды тазалау, жер асты суларын тиімді пайдалану, ұңғымалар қазу секілді нақты тапсырмалар берген болатынмын. Дегенмен ол тапсырмалар ойдағыдай орындалуда деп айта алмаймыз. Биыл да су мәселесі туындайды. Тауға қар аз түсті. Бұл ретте менің жүктеген міндеттерімнің маңыздылығын айтпасақ та түсінікті. Ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көңіл бөліңіздер. Қолда бар суды үнемді, тиімді пайдалану үшін қазірден арнайы кесте әзірлеп, бекіту керек. Қай аудан қанша жерге не егеді? Сол бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіңіздер, — деген аймақ басшысы аудандардағы жұмыстарды өзі барып тексеретінін баса айтты. Орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына да әрбір канал мен қоймалардың, егістік алқаптардың жай-күйін көзбен көруді тапсырды.
Облыс әкімі судың далаға кетпеуін, қазірден жайылым, шабындықтарды суара беру керектігін жеткізді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов баяндама жасап, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 741,2 мың гектарға орналастыру жоспарланып отырғандығын айтты.
— Судың түсу көлемі және ішкі су көздерінің толу көрсеткіші қажетті деңгейден төмен болған жағдайда 741,1 мың гектардың ішінде суды көп қажет ететін дақылдар суды аз қажет ететін дақылдармен алмастырылатын болады. 179,2 мың суармалы алқапта орналасатын дақылдарға талдау жасалынып, қажетті су көлемі есептелді. Су жиналу деңгейі өткен жылғыдай болған жағдайда «ҚазСуШар» мекемесінің теңгеріміндегі су қоймалары арқылы 1 млрд. 358,0 млн.м3 су беру жоспарлануда. Ал бүгінгі күнге төмен деңгейдегі су түсуін ескерсек 1 млрд. 148 млн.м3 сумен қамту көзделуде, — деді Е.Жиенқұлов.