Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстарына 7 мыңнан аса техника қатысуда
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 760 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 9,2 мың гектарға ұлғаяды. Қазіргі таңда жыртылуы тиіс 106,4 мың гектардың 54,5 мың гектарында айдау жұмыстары басталса, 181,8 мың гектар алқап дайындалу үстінде. Сондай-ақ, 115 мың гектар алқапқа жаздық масақты дақылдар, 24,2 мың гектарға көп жылдық шөп, 11,9 мың гектарға көкөніс, 3,9 мың гектар алқапта майлы дақылдар және 1,8 мың гектарға картоп, 208 гектарға қант қазылшасы тұқымдары себіледі.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов айтты. Ол көктемгі дала жұмыстарына қажетті 77,4 мың тонна тұқым толығымен дайындалып, егіліп жатқанын жеткізді.
«Аймақта барлығы 12 316 ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Көктемгі жұмыстарға 7 317 техника қатысуда Биылғы ақпан-мамыр айларына бұл шаруаға 10 920 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Облыс бойынша 14 таратушы оператор анықталды. Шаруашылықтарға арзандатылған түрде тарату бағасы 194-208 теңге аралығында бекітілді. Ақпан-наурыз айына бөлінген 5 460 тонна кепілдендірілген дизельге таратушы операторлар тарапынан толық қаржы аударылды, бүгінгі таңда шаруашылықтарға тарату жұмыстары жалғасуда», — деді басқарма басшысы.
Ербол Жұмабекұлы өңірде 2022 жылы жалпы 51,2 мың тонна тыңайтқыш алу жоспарланғанын атап өтті. Бүгінгі күнге 6,4 мың тоннаға келісім-шарт жасалынып, 5,3 мың тоннасы шаруаларға жөнелтілген. Оның мәліметінше, жамбылдық 57 шаруашылық тарапынан түскен өтінімге сәйкес «Аграрлық несие корпорациясымен» көктемгі дала жұмыстарына берілетін несие көлемі 549,8 млн теңгені құрады.
Жамбыл өңірлік коммуникациялар қызметі