Жамбыл облысында медициналық нысандар пайдалануға берілді

Жамбыл облысында медициналық нысандар пайдалануға берілді

25 қазан – Республика күніне орай Жамбыл ауданы Қоңыртөбе ауылында медициналық пункт ашылды.

Қоңыртөбе елді мекені Жамбыл ауылдық округіне қарайды. 570-тен аса тұрғыны бар.

Ағымдағы жылы «СК Алем» ЖШС медициналық пункттің құрылысын 5 айда жүргізіп, халықтың игілігіне тапсырды.

Аталған жобаға 136,4 млн.теңге қарастырылған. Ғимарат барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

– Мемлекетіміздің назарынан аядай ауылдарда тыс қалмай жатқаны қуантады. Осы күнге дейін қоңыртөбеліктер тозығы жеткен ғимаратта ем қабылдап жүрді. Бүгін міне еңселі медициналық пункт қажетке берілді. Бұл ауыл азаматтары үшін үлкен қуаныш. Мұнда денсаулығын емдету үшін емес, ауру-сырқаттың алдын алу үшін келуді жазсын, – дейді ауыл ақсақалы Орынбай Рысбаев.

Айта кетейік, Жамбыл ауданында 36 денсаулық сақтау нысаны бар. Жыл соңына дейін Қостөбе, Тоғызтарау ауылдарындағы медициналық пункттің, Қаратау елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Аудандағы орталық аурухананы да күрделі жөндеуден өткізу жоспарға қойылған.

Алдағы жылдары Шоқай, Қапал, Құмтиын, Бәйтерек ауылдарында медициналық пункт ғимаратын соғу бойынша жоспар әзірленуде.

Айтулы мереке қарсаңында Қордай ауданы Масаншы ауылындағы емхана ғимараты кеңейтіліп, ел игілігіне берілді.

Заманауи медициналық мекеме бір ауысымда 150 адамды қабылдай алады.

Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жаңа нысан тек масаншылықтардың ғана емес, көршілес Қаракемер, Қарасай ауылдық округі тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Емханада 8 дәрігер, 40 медбике, 21 кіші буын медицина қызметкері жұмыс істейді.

Бүгінде Қордай ауданындағы 41 елді мекенде 45 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Жамбыл облысы әкімдігі