Жамбыл облысында мектептерде бейне талдау жүйесін енгізу жоспарлануда
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жиында Жамбыл облысында 2024-2028 жылдарға арналған азаматтық қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру барысы талқыланды.
Басқосуда цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков жасанды интеллектті пайдалана отырып, бейнеаналитика жүйесін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
— Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұл жұмыс қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бірегей шешімдерді ұсынатын компаниялармен бірлесіп жүргізіледі, — деп атап өтті басқарма басшысы.
Сондай-ақ, ол басшысы террористік тұрғыдан әлсіз нысандарда қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелеріне де тоқталды. Атап өтерлігі, 133 білім беру мекемесінде өрт қауіпсіздігін басқару жүйесін орнату жоспарлануда.
Жиын барысында «Target ai Limited» компаниясының директоры Дамир Жаримбетов пен «Жаңа технологиялар-Тараз» компаниясының өкілі Анастасия Махажанова білім мекемелерінде қауіпсіздік жүйесін орнату бойынша жобаларды таныстырды.
Жалпы, былтырғы жылы бейнебақылау жүйелерін орталықтандыру бойынша қанатқақты жоба іске қосылды. Бірыңғай платформаға білім беру және денсаулық сақтау нысандары мен темір жол вокзалының аумағында және қоғамдық орындарда орнатылған бас-аяғы 50 бейнебақылау камерасы қосылған. Өз кезегінде бұл қадам қажетті ақпаратты алу процесін жеңілдету мен жеделдетуге, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бейне талдау жүйесі жеке тұлғаны немесе автокөлікті анықтауға мол мүмкіндік береді. Бастысы, құрылғы адамдар көп жиналатын орындарда, түтін немесе от анықталған кезде де кедергісіз жұмыс істейді.
Жиын соңында өңір басшысы жауаптыларға өңірлік полиция департаментімен бірлесіп, аталған жобалардың маңыздылығы мен тиімділігін мұқият зерделеуді тапсырды.
— Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық мәселелерді қамтитын және дер кезінде тәуекел аймақтарын анықтайтын кешенді жүйені бекіту қажет, — деді облыс әкімі.