Жамбыл облысында мектептердегі орын тапшылығы мәселесі шешілуде

Жамбыл облысында жыл соңына дейін 18 білім беру нысаны пайдалануға беріледі. Нәтижесінже орын тапшылығы бар 9 мектеп, 4 үш ауысымды, 3 ескірген, апатты жағдайда тұрған 2 білім ошағының мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ербол Қарашөкеев БАҚ өкілдеріне хабарлады.

Жаңа оқу жылында 6 мектеп балалар игілігіне берілді.

Жалпы 2024-2025 жылдары 41 білім беру нысанының құрылысы жүргізіледі. Биылғы жылы 18 мектептің құрылысын аяқтау көзделген.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салу жоспарланған, оның алтауы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек, 10 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 206 білім беру ұясы модификация кабинеттерімен жабдықталды.

Денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейін төмендету бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Биыл 26 денсаулық сақтау нысанын құрылысын жүргізу жоспарланса, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 20 нысан пайдалануға беріледі.

Бүгінде Жамбыл ауданы Қостөбе ауылында медициналық пункт, Т.Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз ауылында дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 16 нысанды қолданысқа беру көзделіп отыр.

4,7 млрд.теңгеге 38 санитарлық автокөлік және медициналық жабдықтар сатып алынады. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық жабдықтармен қамтылу деңгейі 96,7 пайызға жетеді (2023 жылы – 91,9%).

Мәдениет және спорт салаларында да ауқымды құрылыс жұмыстары іске асужа. Қазір 15 спорт кешені мен 16 мәдениет нысанының құрылысы қарқын алған. Бүгінгі күні жоспарланған 74 спорт алаңының 45-і ел игіліген берілді.

Жамбыл облысы әкімдігі