Жамбыл облысында мердігер екі мәрте асфальт төседі
Ағымдағы жылдың тамыз айында Байзақ ауданы Сеңкібай ауылының көшелерін орта жөндеу барысында мердігер тарапынан жол жөндеу жұмыстарының технологиясы сақталмағаны жайында әлеуметтік желіде ақпарат тараған болатын.
Осы орайда, 9 тамыз күні Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РММ мамандары аталған елді мекен көшелерін жөндеу жұмыстарына қолданылған материалдарға сынама алынды.
Сынама нәтижесі бойынша тамыз айының 30 күні мердігер тарапынан технологиялық процестер сақталмай салынған жол бөлігі қалпына келтірілді, яғни жол бөлігінің жамылғысы толықтай қырып алынып, жаңадан асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.
Бұл туралы басқарма басшысы Бақытжан Жәнібеков:
– Елді мекен тұрғындарының өтінішіне сәйкес, жолдың сапасына зерделеу жүргізілді. Зерделеу барысындағы кемшілікті реттеу үшін мердігер өкілі жұмыстарды қайта жасады. Осылайша, тұрғындар көптен күткен асфальт талапқа сәйкес, қайтадан төселді, — дейді басқарма басшысы.