Жамбыл облысында орманшыларға қызметтік көліктер табыс етілді
Облыстағы орман шаруашылық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында орманшыларға жол талғамайтын 6 Уаз – 236324 автокөлігі табысталды.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысып, жергілікті билік тарапынан орманшыларға көрсетілетін қолдаулар өз жалғасын табатынын жеткізді.
Ол өз сөзінде аймақ басшысының бастамасымен бұл салаға осы жылы 280 миллион теңге қаражат бөлінгенін атап өтті.
— Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қорғауда әсіресе, орман өртінің алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Өңірімізде орман өртін болдырмау мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Орман қорын тілсіз жаудан қорғау – орман қызметкерлерінің алдында тұрған ауқымды міндет. Облыс әкімінің бастамасымен биыл орман шаруашылығы, «Сапсан жедел қызметі» және «Жамбыл су қоймасы» мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 280 миллион теңге қаржы қаралып, қажетті техникалар алынуда. Мәселен, біз өткен аптада ғана су жаңа техникалардың бір бөлігін тапсырдық. Оның ішінде, МТЗ маркалы 9 трактор мен қажетті ауыл және орман шаруашылығы техникалары бар. Ал, бүгін 6 Уаз – 236324 автокөлігін табыстап отырмыз. Жалпы, облыста осы саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 2018-2022 жылдары 1 миллиард 300 миллион теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде техникалардың жаңару деңгейі 78 пайызға жетті.Орманшыларға алдағы уақытта «Сапсан жедел қызметінің» арнайы автокөлігі мен жылжымалы вагон берілетін болады, — деді Қанатбек Мәдібек.
Айта кетейік, облыс аумағының 31 пайызға жуығын, яғни, 4,4 миллион гектарын мемлекеттік орман қоры құраса, ондағы 15 орман шаруашылығы мекемелерінде 932 қызметкер қызмет етуде.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі