Жамбыл облысында студенттер арасында облыстық пікірсайыс турнирі өтті

Тараз қаласында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен студенттер арасында облыстық пікірсайыс турнирі өтті.

Іс-шараның мақсаты – «Жаңа Қазақстан» идеясын жастар арасында кеңінен насихаттау, мемлекеттік билік өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен жастар арасында байланыс орнатып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.

Бейбіт елдің саналы жастары ой жарыстырған пікірсайысқа Тараз қаласындағы жоғары оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындарынан 20 фракция, 40 жас қатысты. Озық ойлы студенттер арасында өткізілген облыстық пікірсайыс турнирін көрермен ретінде 60 өрен тамашалады. Сайысқа университет пен колледждерден төрешілер қазылық етті.

Турнир барысында туған тілдің тағдырына қатысты өткір ойлар, нақты ұсыныстар да айтылды. Сонымен қатар, жастар Ата Заңға енгізілетін өзгерістер, референдумға байланысты сұрақтарға орай жауаптарын әділетті қоғам құру, тәуір тұрмыс, жарқын өмір сүрумен байланыстырды.

Жас шешендер сайысының қорытындысы бойынша 1 орын иегерлері 200 мың теңге, 2 орын иегерлері 150 мың теңге және 3 орын иегерлері 100 мың теңгені иеленсе, «Үздік ойыншы» номинациясының иегерлері 50 мың теңгені қанжығаға байлады.

Білімді ұрпақ осы пікірталасқа өз үлесін қосып, интеллектуалды сұрақтарды көтерудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Ел тағдырына бейжай қарамай өз ойын анық айта алатын қатысушылар мақтан тұтуға лайық. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.