Жамбыл облысында тағы екі тірек мектеп өз жұмысын бастады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мойынқұм ауданындағы жұмыс сапары барысында Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің таныстырылымына қатысты. Сондай-ақ, бұл күні Жуалы ауданындағы Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейі де тірек мектебі ретінде өз жұмысын бастады.
Аймақ басшысы құрметті қонақтармен бірге облыс орталығынан ең шалғай орналасқан тірек мектебінің оқу кабинеттерін аралап, балалардың шығармашылық жетістіктерімен танысты.
Оқу ордасы ағымдағы жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында материалдық-техникалық базасы толығымен жаңғыртылған. Ол үшін 250 миллион теңге қаржы бөлінген. Күрделі жөндеуден өткен мектепте бүгінде оқушылардың жан-жақты, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалды.
«Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры» қоғамдық қорының директоры Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, аталған жоба білім беру сапасын арттыруға, үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Жобаға енген мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылумен қатар, оқытушылар құрамы оқытудан өтіп, әдістемелік қолдау алады.
Жобаны «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ және «Aitas» компаниясының қолдауымен «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоры жүзеге асырады.
Тірек мектебінің таныстырылымында облыс әкімі бұл жұмыстардың барлығы еліміздің жарқын болашағы – балалар үшін жасалып отырған үлкен демеу екенін атап өтті.
Сондай-ақ, аймақ басшысы облыс көлеміндегі білім саласын дамыту, сапалы білім беру мен инфрақұрымды жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы 25 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 9 мектеп және 5 мектептің қосымша құрылысы аяқталады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9500 орындық 12 мектеп салу жоспарлануда. Оның жетеуі 2024 жылы, бесеуі 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Ауыл мен қала мектептері арасындағы оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты жою – басты мәселе. Осы орайда, «Ауылдық жердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы жүзеге асуда десек, оның игілігін Жамбыл облысының ауылдары да сезінуде.
Осы орайда «Білім беру саласын тұрақты дамыту» және «Қазақстан халқына» қорларына өңірдегі ауыл мектептеріне көрсеткен көмектері үшін алғыс айтамын,-деген Ербол Қарашөкеев бұл шаралар балалардың болашағына және жалпы білім берудің дамуына оң әсер ететінін тілге тиек етіп, осы тұрғыдағы ынтымақтастың жалғасатына сенім білдірді.
Шара барысында «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының Қамқоршылар кеңесінің төрайымы Күләш Шәмшидинова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Чингисбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова (онлайн режимде) сөз алып, жобаның ауылдық жердегі білім беру сапасын арттыру, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудегі ұтымдылығын баса айтты.
Айта кетейік, жоба аясында Жамбыл облысында былтыр Сарысу ауданындағы бір мектептің 35 оқу кабинетінің материалдық-техникалық базасы (250 миллион теңгеге) жаңартылып, 116 педагог «Назарбаев зияткерлік мектептері» арқылы оқыту курстарынан өткен.
Ал, биыл жоба шеңберінде Жуалы және Мойынқұм аудандарындағы екі мектептің 53 оқу кабинеті (жалпы 500 миллион теңгеге) жаңғыртылып, 161 педагог оқыту курстарына қатысуда.
Келер жылы жоба бойынша облыстағы 8 мектепті қайта жабдықтау жоспарлануда.