Жамбыл облысында «үздік экскурсовод» байқауы өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет «Үздік экскурсовод» байқауы өтті. Өңірдегі музейлердің, жеке туристік фирмалардың, мәдениет саласының экскурсаводтары бақ сынаған бұл байқауға 12 гид қатысты.

Облыстың әлеуметтік-мәдени дамуы аясында музей мамандарының маңыздылығын қоғамға көрсету мақсатында өткізілген шараның бірінші күнінде бақ сынаушылар 7 минуттық виртуалды экскурсия видеоларын қазылар алқасының назарына ұсынды. Одан бөлек, бірнеше қызықты турлардан өткен үміткерлердің көбі 3 тілді еркін меңгергендерін байқатты.

Байқау нәтижесі бойынша Бас жүлдені Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының экскурсоводы Айніл Әбуәлі , 1-орын «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық- музейінің экскурсоводы Таңшолпан Жүзбаева, 2-орынды Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Жамал Ақпан , 3-орынды осы музейдің қызметкері Жұлдыз Алманқұлова ие болды. Барлық қызметкерлер қаржылай сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде өткен игі бастамада жеңімпаз болған қатысушылар әлемдегі атақты мәдени орындар мен музейлерде білікті мамандармен тәжірибе алмасатын болады.

 

Дереккөз: http://aqjolgazet.kz/?p=61590