Жамбыл облысында жыл соңына дейін 16 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен инвестициялық штабтың отырысы өтті.
Инвестициялық штабтың 39 отырысы барысында 94 жоба қаралды. Жобалардың жалпы құны – 2,6 трлн. теңге. 2023 жылы жалпы құны 91,3 млрд. теңге құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, 272 жаңа жұмыс орындары ашылады.
«Тараз» ӘКК» АҚ басшысының м.а. Еркін Жылысбек «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы, агротехникалық қызметтің жұмысы туралы баяндады.
Ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» жобасының аясында 24 млрд. теңгеге 10 ауданнан 26 округ қаржыландыруға ұсынылған.
Агротехникалық қызмет 43 ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін құру бойынша жұмыс жүргізуде.
Өңір басшысы «Тараз» индустриялық аймағының директоры Ғалымжан Қайназаровтың есебін тыңдады. Ол индустриялық аймақта жалпы сомасы 125,7 млрд. теңгеге 12 инвестициялық жоба іске асырылып, 1375 жұмыс орны ашылатынын айтты.
Ағымдағы жылы 4 жобаны іске қосу жоспарланған: «Нұрхим 2021» ЖШС (аралас кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісі), «Нұрхим 2021» ЖШС (тігін өндірісі), «Асқар – Тау НС» ЖШС (асфальт-бетон қоспасын өндіру), «Jeti bulaq» ЖШС (битум эмульсиясын өндіру).
Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді ұйымдастыру мәселесі бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Ұлжан Шилібекова баяндама жасады.
— Инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмысты қайта қарау қажет. Егер белгілі бір мерзім ішінде нақты нәтиже болмаса, басқарма басшылары жауапкершілікке тартылатын болады. Компания тарапынан міндеттемелер орындалмаған жағдайда, біз басқа инвестормен жұмыс істей бастаймыз. Бізге бос жобалар қажет емес, — деді облыс әкімі.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі