Жамбыл облысындағы 44 мыңнан астам жұмыскердің жалақысы орта есеппен 27 пайызға көтерілді

 

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен облыстық әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Бірқатар ірі кәсіпорындардың және құзырлы органдардың басшылары қатысқан басқосуда еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ернар Есіркепов баяндама жасап, қалыптасып отырған ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері барлық деңгейдегі комиссиялардың 43 отырысы өтіп, онда 82 мәселе қаралған. Нәтижесінде 378 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған. Сондай-ақ, әлеуметтік-еңбек жағдайларының ахуалын реттеу мақсатында төменгі жалақыны көтеру, бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру, еңбек саласын цифрландыру және еңбек жанжалдарын болдырмау мен орын алған жағдайда әрекет ету жұмыстары осы үшжақты комиссиялар арқылы жүзеге асырылуда. Дегенмен, Тараз қаласы, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі және Шу аудандарында аудан әкімдерінің төрағалығымен бірде бір комиссия отырыстары өткізілмеген

— Жыл басынан бері облыстың 774 кәсіпорны 44101 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 27 пайызға көтерді. Оның 44-і ірі, 27-і орта және 703 шағын кәсіпкерлік субьектілері болып табылады. Аудандар бөлінісінде талдайтын болсақ, ең жоғары көрсеткіштерге Тараз, Қордай, Мойынқұм аудандарында, ең төменгі көрсеткіштерге Жуалы, Меркі және Байзақ аудандарында қол жеткізген. Бейресми жұмыспен қамтылған 571 жұмыс берушідегі 4182 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды,-деді Е. Есіркепов.

Еңбек жағдайларының ахуалын бақылауда ұстау мақсатында еңбек тәуекел қаупі жоғары кәсіпорындардың тізімі жасақталып, «Ыстық нүкте» картасына аудандар бөлінісінде 18 кәсіпорын енгізілген.

Жалпы, жыл басынан еңбек жанжалдары мен шиеленістері ресми тіркелген жоқ, дегенмен, жекелеген еңбек ұжымдарында жұмыскерлердің тарапынан наразылықтар білдіру, ұжымдық арызбен және әлеуметтік желілерде видеороликтер арқылы өз талаптарын жариялау фактілер кездеседі.

Облыс әкімі бірқатар мәселелер бойынша кәсіпорын басшыларының жауаптарын тыңдады.  «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов бірлестіктің жұмысы және жұмыс барысында кездесетін кедергілер туралы баяндады.    Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов комиссия отырысында қаузалған мәселелер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

— Расында, еңбек қатынастарына қатысты мәселер жоқ емес. Біз оларды уақытылы шешу керекпіз. Қоғамда түсініспеушіліктер орын алуына жол бермеуге тиіспіз. Осыған байланысты еңбек инспекциясы басқармасы еңбек адамдарының құқығын қорғауға бағытталған пәрменді шараларды жалғастырып, оның ішінде әскерилер, полиция департаменті және шекара қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеуі аса маңызды.

Жалақыны уақытылы беру, көтеру, әлеуметтік төлемдерді төлеу мәселелері қатаң назарда болуы қажет.

Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудан әкімдері, кәсіподақ ұйымдары және тиісті мемлекеттік органдарымен бірлесіп еңбек ұжымдарындағы жағдайды бақылауда ұстағаны жөн. Еңбек саласын цифрландыруға де бей-жай қарауға болмайды. Бұл тұрғыдағы ұсыныстарды қолдаймыз,–деді Нұржан Нұржігітов.