Жамбыл облысындағы ең жасы үлкені Сарысуда тұрады. Ол 110 жаста

Ақиқатында аудан орталығынан шалғайда жатқан Жайлаукөл ауылында мақтанышпен айта алатын батыр ана бар екенін біреу білсе, біреу біле бермес.

 

Ұлы Отан соғысының ардагері — Балтабай Аманжоловатың жары Аманбала. Өзі тыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы, көпбалалы ана, шөбере сүйген аяулы әже. Ардақты анаға аудан басшылары арнайы атбасын бұрып, амандығын сұрасып, сый-сияпат көрсетіп тұруды дәстүрге айналдырған.
Сарысу ауданының тұрғыны 110 жастағы әже — Аманбала Аманжолова. Жастайынан еңбекке араласқан.
Небір қиын кезеңдерді бастан кешкен кейуана өткен өмірін ерекше тебіреніспен еске алады. Ақ жаулықты ана өмірінің жартысын совхозда сақпаншы, қой қырқып, мал шаруашылығына арнаған. Маңдай тер, адал еңбегінің арқасында 11 құрсақ көтеріп, содан қалған 5 бала ны тәрбиелеп, бүгінде немере мен шөберенің қызығын көруде. Қазыналы қарт ананың өмірі қазір көпке үлгі.

 

 

Аманбала апа: — Осы күніме шүкір. Адам баласының осы өмірдегі басты армандарының бірі – ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ұрпақ өсіру емес пе?! Ата-аналық парыздарымды адал атқардым деп білемін. Құдайдың берген тағы бір бақыты жүз оныншы көктемімді қарсы алып отырмын,-дейді. Аманбала Аманжолова 1910 жылдың қаңтар айында Сарыарқа топырағында туған екен. 1926 жылы Балтабай Аманжолов екеуі көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Отау құрған жас жұбайлар сол тұстағы халық басына түскен нәубетті күндерді қатар өткеріп, бірге көтеріп, қиындықтарды бастан кешіреді.
Қазір өткен ғасырдың басындағы тарихқа айналған сол шақтарды дұшпаныма да тілемеймін. Аштықтан бұратылған сол кездегі жұрт не көрмеді десейші. «Көппен көрген ұлы той» деп Арқадан Әулиеата топырағына босқан көпшілікпен бірге біз де шұбадық қой. Жол бойы нешеме адам көз жұмды, нешеме жан ажал құшты. 1928 жылы іргесін қалаған Сарысу ауданының құрылуына біз де білегіміздің күшін салдық, — деп толғана өткен күндерді еске алады.

 

Жамбыл өңіріндегі бұл ауданда 39 кеңшар болған шағында Балтабайдың отбасы Ілгерібасқа қоныс тебеді. Аманбала апа сонда колхозшы болып еңбек еткен екен.
Соқа айдап, бидай орып, шөп шауып, маңдай терін сарп еткен. Еңбекқор ана совхозда сақпаншы, қой қырқу жұмыстарымен айналыса жүріп зейнеткерлікке шыққан. Қазір қырыққа жуық немере-шөбере сүйіп отыр.
Елінің амандығының, жұртының тыныштығын, ұрпақтардың болашағын ғана тілеп отырған ана менде не арман бар дейсің, ендігісі тек тілеулес болу ғана ғой — дейді ағынан жарылып.

 

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы.