Жамбыл облысындағы ауылдарға көгілдір отын, ауыз су берілуде
25 қазан Ұлттық мереке – Республика күніне орай Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Рысбек батыр ауылына газ беріліп, Қоңыртөбе ауылында ауыз су жүйесі іске қосылды.
Тұрғындардың қуанышына аудан әкімі Жалғас Мұртаза ортақтасып, Ұлттық мерекемен құттықтады.
Айта кетейік, Жуалы ауданында 49 елді мекен бар, биыл оның бесеуіне газ тартылады деп күтілуде. Оның ішінде, Рысбек батыр, Қызтоған, Ақтасты, Қаратас, Қошқарата ауылдары бар.
– Билікөл ауылдық округіне қарасты төрт елді мекенге алдағы екі жылдың ішінде газ тарту жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде аймақтағы барлық елді мекен газбен қамтылатын болады, — деген аудан әкімі жұртшылықты көптен күткен қуанышымен құттықтады.
Рысбек батыр ауылында 64 аулада 450-ден аса тұрғын тұрады. Газ тарту жұмыстарын «SAT Constrution» ЖШС жүргізген. Газ құбырының ұзындығы — 4,24 шақырым.
Өз кезегінде тұрғындар игілікті іске ризашылықтарын жеткізді.
Республика күніне орай, Қоңыртөбе ауылында ауызсу жүйесі іске қосылды. Су құбырының ұзындығы — 6 шақырымды құрайды. Енді ауылдағы 700-ден аса тұрғын таза ауыз суды тұтынатын болады.
Салтанатты шараға қатысқан ауыл ақсақалдары тұрғындардың тұрмысын жақсарту мақсатында атқарылған жұмыстар үшін облыс басшылығына ризашылықтарын жеткізді.
Республика күні қарсаңында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша Жуалы ауданында жаңа баспана пайдалануға берілді.
Жетітөбе ауылдық округінің тұрғындары мен кәсіпкерлер Ардақ Әбілханұлының баспанасын күрделі жөндеуден өткізуге қол ұшын созып, сауапты іс жасаған.
Аудан әкімі баспана кілтін табыстап, шаңыраққа иелерін қуанышымен құттықтады.
Сарысу ауданында да мерекеге орай спорт алаңшасы ашылып, тұрғындар игілігіне берілді.
Жамбыл облысы әкімдігі