Жамбыл облысындағы елді мекендердің 98,1 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте халықты ауыз сумен қамту мәселесі қаралды.
Бұл бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасап, ауыз су нысандарының құрылысы мен кешенді блок-модуль орнату жұмыстарының талдау қорытындыларымен бөлісті.
Жамбыл облысында 4 қала мен 367 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде Тараз, Шу қалаларындағы 9 тұрғын алқап пен 54 ауылдық елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген.
Ағымдағы жылы 37 елді мекен мен 2 қаладағы 5 тұрғын алқапқа тіршілік нәрін тарту, 16 елді мекеннің ауыз су жүйелерін қалпына келтіру жоспарланған.
Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі қалаларда 98,8 пайызға (2023 ж. — 97,5%), ауылдық елді мекендерде 98,1 пайызға (2023 ж. — 94,9%) жетуі тиіс.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша 19 ауылдық елді мекен ауыз сумен қамтылды.
Басқосуда Ербол Қарашөкеев ауыз сумен қамтудың төмен деңгейі қалыптасқан аудан әкімдерінен есеп алып, құрылысы кешеуілдеген жобаларды жіпке тізді. Бұдан бөлек, ауыз суға қатысты тұрғындардың шағымына назар аударды.
— Мемлекет басшысы халықты 2025 жылдың соңына дейін 100 пайыз ауыз сумен қамту бойынша алдымызға нақты міндет қойды. Бұл тапсырма мүлтіксіз орындалуы тиіс. Уақыт өте тығыз, — деді облыс әкімі.
Аппараттық кеңес қорытындысы бойынша жауаптыларға мердігерлердің жұмысын қатаң бақылауға ала отырып, ауыз су нысандарының сапалы әрі мерзімінде тапсырылуына ерекше көңіл бөлу, келесі жылдың еншісіндегі жобаларды жете пысықтау тапсырылды.
Жамбыл облысы