ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ 3 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ МАТЕМАТИКА ӘЛЕМІНДЕГІ ҚАРАПАЙЫМ САНДАРДЫ ҚАЗАҚЫ ОЮЛАРҒА АЙНАЛДЫРДЫ

Жамбыл облысының Шу ауданындағы Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының 3 сынып оқушысы Сағымбек Талшын қарапайым натурал сандардан және геометриялық фигуралардан қазақы оюлар құрастырды.

Заманауи үлгідегі математикалық оюлар 1, 2, 8, 6 мен 9 сынды натурал сандардан және шаршы, ромб фигураларынан құрастырылған. Ою ойғанның ойы артық демекші, кішкентай Талшынның айтуынша оюлар «Санды ою-өрнек», «Бірлік оюы» және «Цифрлы фигура» деп аталады.

«Математикалық оюларды жасаудың артықшылықтары өте көп. Біріншіден, оқушы ұлттық ою-өрнектерді зерттеп, олармен тереңірек танысса, екіншіден, оюлардың үлгісін жасау кезінде қолданылатын есептеулерде бастауыш сыныптың оқушысы есептей алатын формулаларды пайдаланады. Сондай-ақ, қолжетімді материалдарды пайдалану арқылы жасалатын оюды ою барысында саусақтардың ұсақ маторикасы дамып, баланың есте сақтау қабілетін арттырады және оюлардың тарихи мәнін математикалық тұрғыда ашу арқылы оқушылардың Отанына деген патриоттық сезімін, әрі эстетикалық талғамдарын байытады» ,- дейді бастауыш сынып мұғалімі Шыныбаева Ләззат.

«Бұл өнер бізге Ежелгі көшпенділерден жеткен. Осы ою — өрнекті өз өмірлерінің сәні мен мәніне айналдырған. Ою — өрнек құрақ құрау — қазақтың кешегісі, бүгінгісі, ертеңі» — деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, бұл өнердің мектеп қабырғасында дамуы — өз ұлтымыздың өзіндік қол — өнерін жас ұрпаққа үйрете отырып, эстетикалық тәрбие беру бағытында таптырмас құрал болмақ.