Жамбыл облысының әкімі Шу, Қордай аудандарында жұмыс сапарымен болды
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Шу, Қордай аудандарында жұмыс сапарымен болып, өңірлердегі бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігін көзбен көрді.
Шу ауданындағы жұмыс сапарын өңір басшысы әуелі «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Хим-плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады. Жобалық құны 2,28 миллиард долларды құрайтын химиялық паркте келешекте химия өнімдерінің 16 түрін өндіретін өндіріс ошақтары бой көтереді. Ағымдағы жылы арнайы экономикалық аймақта каустикалық сода және хлор өндіретін «Хим-Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін іске қосу жоспарланған. Алайда, кәсіпорын басшылығы химиялық парктегі инфрақұрылым тарту жұмыстарының аяқталмауына байланысты өндірістік үрдістің бір жылға кешігіп басталуы мүмкін екендігін айтып отыр.
Мұнан соң, Асқар Исабекұлы «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында болып, ондағы қазандықтарды газбен жылытуға көшіру жұмыстарының барысымен танысты. Кәсіпорын қызметінің 77 пайызын Шу қаласының тұрғындары тұтынады. Сол себептен де, өткен жылдың шілде айында бұған дейін көмірмен жылытылған қазандықтарды табиғи газға көшіру қолға алынып, оған 280,3 миллион теңге бөлінді. Орталық қазандықты «көгілдір отынмен» жылыта бастаған кәсіпорын жұмысына ендігі жерде газ қысымының төмен болуы кері әсерін тигізуде.
Келесі сәтте облыс әкімі Шу қаласындағы Абай атындағы орта мектебіне барып, білім ошағының ахуалын көрді. Жалпы сыйымдылығы 460 оқушы болатын мектепте бүгінде 628 оқушы білім алады. Педагогикалық ұжымда 53 педагог бар. Іргетасы 1929 жылы қаланған ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Нысанды жөндеуге қажетті жобалық сметалық құжаттар әзір.Мектепті жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен жалпы сомасы 164,8 миллион теңге қарастыру көзделуде.
Сонымен бірге, облыс әкімі Шу қаласындағы «Жайсан» тұрғын үй алқабына инфрақұрылым тарту және «Жетісу» тұрғын алқабындағы 75 пәтерлі тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысымен де танысты. Қазіргі таңда, «Жайсан» тұрғын үй алқабында инфрақұрылым тарту жұмыстары көңіл көншітпейді. Себебі, тиісті жұмыстарға жауапты мерзім «Дайана ПКФ» пен «Компания Догду Билд» жауапкершілігі шектеулігі серіктестіктері де өз жұмыстарына салғырттық танытқан. Ал, «Жетісу» тұрғын алқабындағы 4 көп пәтерлі толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілсе 350 отбасын баспанамен қамту мүмкін болмақ. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға жоғарыда көтерілген мәселелерді реттеп, «Жетісу» тұрғын алқабындағы көп пәтерлі үйлердің барлығын күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, А.Мырзахметов «Жамбыл-жол құрылысы» кәсіпорнының меншігіндегі «СПТУ-24» техникалық колледжінің ғимаратының жағдайын көзбен көрді. Жалпы құны 150 миллион теңгені құрайтын ғимарат қазір «Қазкоммерцбанкте» кепілде тұр. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ғимаратты мемлекет меншігіне қайтарып, оны 600 орындық мектеп-интернаты етіп пайдалану жайын ойластыру қажет екендігін айтты.
Ауданға жұмыс сапары кезінде Асқар Мырзахметов мақсары майы мен майлы, дәнді дақылдар өнімдерін өндіретін «Kaz-Ir-Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмысымен танысты. 2012 жылы ашылған кәсіпорын тәулігіне 3 тонна сұйық май өндіретін. Мұнда қазір 63 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Серіктестік жетекшілері жер көлемін көбейту арқылы өнімділікті де арттыруға мүдделі.
Облыс әкімінің жұмыс сапары келесі күні Қордай ауданында жалғасын тапты. Өңір басшы аудандағы әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысуды «Куликово сүт өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады. Жобалық құны 227 миллион теңге болатын кәсіпорын 2012 жылы іске қосылған. Жылына 1400 тонна қаймақ, ірімшік және майлығы әр деңгейдегі сары май сынды сүт өнімдерін өндіретін серіктестікте 35 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Аудандағы жұмыс сапарында А.Мырзахметов «Қордай» шекара-өткізу және «Қарасу» бақылау-өткізу бекеттерінде болды. «Қордай» өткізу бекетінің қазіргі әлеуеті тәулігіне 25 000 адам мен 1500 дана көлік құралын өткеруге қабілетті. Өткен жылы дәл осы бекет арқылы мемлекеттік шекараны 5,7 миллион адам мен 504 649 дана көлік құралы кесіп өткен. Бекет жағдайымен танысқан облыс әкімі жауапты тұлғаларға онда бірқатар қалыптасқан бірқатар мәселелерді реттеуді тапсырды. Мәселен, «Қордай» шекара-өткізу бекетінде өткізу бекетін кеңейту және қайта жаңғырту мәселесі бар. Тәулігіне 2000 адам мен 3000 дана «Қарасу» бақылау-өткізу бекетінің өткізу қабілеттілігін арттыру және қазақ-қырғыз шекарасында жаңа көпір құрылысын жүргізуді талап етіп отыр. Одан соң, өңір басшысы Георгиевский магистралдық канал су бөлу гидроқұрылымында болды. Гидроқұрылымдағы су Георгиевский, Атбашинский магистральды каналдарына түседі. Су шаруашылығы жүйелері мен барлық құрылымдар Қырғыз Республикасының су шаруашылығы департаментіне тиесілі. Диспетчерлік пункт пен өзге шаруашылық нысандар Қордай ауданында орналасқан. Өткен ғасырдың 30-жылдары іске қосылған гидроқұрылым жөндеуді қажет етеді.
Мұнан соң, өңір басшысы 2016 жылы пилоттық жоба ретінде құрылып, 60 шаруа қожалығының басын біріктірген «Қарасу-Өтеген» кооперативіндегі ахуалды көзбен көрді. Өткен жылы кооператив мүшелерімен Алматы қаласына жалпы құны 167 миллион теңгені құрайтын ет жөнелтілді.
Сонымен бірге А.Мырзахметов аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Бүгінде ХҚКО 726 түрлі мемлекеттік қызмет ұсынады. Орталық қызметін тәулігіне 700-1000 мың адам жүгінеді. Алайда, орталыққа бөлінген 1 қабатты ғимараттың іргетасы 1969 жылы қаланған, Әрі ескі, әрі тар ғимарат орталық жұмысын жүйелі жүргізуге кері әсерін тигізуде. Осы орайда, ХҚКО жаңа ғимаратты қажет етуде.
Облыс әкімі төтенше жағдайлар департаментіне қарасты аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, өрт сөндіру және апатты-құтқару қызметтерінің де жұмысымен танысты. А.Мырзахметов материалдық-техникалық база мен арнайы қызметтің техникалық әлеуетін жетілдіре түсу жайына баса назар аударды. 41 елді мекені бар ауданға қосымша өрт сөндіру ғимараты және 6 арнайы көлік қажет.
Жұмыс сапырының соңында өңір басшысы Әлжан ана ауылында болды. Ауыл атауы тұрғындардың бастамасымен өзгертілген. Бүгінде мұнда 4 359 адам тұрады.
Шу, Қордай аудандарындағы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша А.Мырзахметов аудан активтерімен жиын өткізіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Облыстық баспасөз қызметі