Жамбыл облысының барлық ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні аталып өтті.
Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Шараға қатысушылар Луговой әскери гарнизонының әскери материалдық-техникалық базасымен танысып, жауынгерлік даярлықтарын көрді.
Аудан әкімі Ернар Есіркепов салтанатты шарада қызметте алдыңғы қатардан көрінген сала қызметкерлерін құттықтап, марапаттады.
Ал, Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы бірқатар әскери сала мамандарымен кездесіп, құрмет көрсетті.
— Отан қорғаудағы ата-әкелердің ерлігі мен қаhармандығын бүгінде бейбіт өмір, бақытты тұрмыс кешіп жатқан ұрпақ ұмытпаса керек. Баршаңызға зор денсаулық, отбасының амандығы мен берекесін тілейміз, — деген аудан әкімі бірқатар азаматқа Алғыс хат табыстады.
Бұл күні мерекеге орай, Жамбыл ауданына қарасты Бәйтерек ауылында кіші футбол алаңы ашылды. Шараға ауыл азаматтары қатысып, ризашылықтарын білдірді.
Мойынқұм ауданында да салтанатты жиын өтті. Аудан әкімі Ә. Балқыбеков қатысушыларды Отан қорғаушылар күні мемлекеттік мерекесімен құттықтап, бірқатар азаматтарды марапаттады. Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Байзақ ауданында Қайнар әскери бөлімшесінде болған жарылыста қаза тапқан әскери қызметкерлер құрметіне қойылған мемориалдық ескерткіш тақта жанында жиын өтті. Қатысушылар апаттан қаза болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Шу ауданының орталық алаңында білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен мектеп оқушылары арасында сапта жүріп ән айту шеруі ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімі қатысып, бірқатар азаматты марапаттады.
Жамбыл облысы әкімдігі