Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданы Түймекент, Сарыкемер ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданы Түймекент, Сарыкемер ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
— Жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Мәселелерді шешуде жауапкершілік ортақ болуы қажет. Бүгінде Байзақ ауданын дамыту үшін жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Ауданда барлығы 43 елді мекен бар. Газдандыру мәселесі толықтай дерлік шешілген. Тек көгілдір отынмен бір ғана ауыл қамтамасыз етілмеген.
Біздің облыста мұндай нәтиже тек Байзақ ауданында. 2025 жылға дейінгі нақты даму жоспары жасалып, бекітілді. Осы жоспар аясында кезең-кезеңімен ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу мәселелері шешімін табады. Мәселен, Түймекент ауылдық округінде екі жыл ішінде 11 көше жөнделді. Сондай — ақ, жыл сайын әлеуметтік нысандар салынып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, — деді облыс әкімі.
Кездесуден кейін өңір басшысы екі ауылдық округте азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Жамбыл облысы әкімдігі