Жамбыл жері инвесторларды несімен тартады?

Жамбыл облысы географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуы оны  еліміздің және шет елдерден келген инвесторлар үшін қаржы салып, іс жүргізуге аса тартымды аймаққа айналдырып отыр. Ал, қойнауының кенге толы болуы мен топырағының шұрайлылығыөнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту арқылы экономикаға көлемді кіріс түсіруге мүмкіндік береді. Тек, аталған шаруаларды жүргізуге ниетті тұлғалар мен оған қаржы салуға дайын азаматтар табылса болғаны. Бұл ретте, қаржы салып, жұмыс жасауға ниетті азаматтарды тарта білу аса маңзды. Ал, бұл мақсатта инвестициялық форумдардың ойнайтын рөлі ерекше екені белгілі. Өткен аптаның аяғында киел Әулиеата топырағын 12 елден келген инвесторлардың басын қосқан «Taraz Invest – AgroChemical Day-2016» форумы да осы мақсатта ұйымдастырылған болатын.

img_8798

Агрохимиялық саланы дамыту мен инвестиция тарту сұрақтарына арналған  аймақтық инвестициялық форумның өтуіне Жамбыл облысы әкімдігі мұрындық болса, «Біріккен химиялық компания» ЖШС өз қолдауын білдірген. Келелі кездесуге агрохимиялық саланың «жілігін шаққан» мамандары, көршілес Алматы облысының әкімі мен Қырғыз Республикасының Талас облысындағы уәкілетті өкілі қатысты. Сондай-ақ,  шекара бойындағы мемлекеттердің кәсіпкерлер делегациясы, мемлекеттік органдар мен шағын және орта бизнес субъектілерінің өкілдері болды.Осы ретте, біз аталған жиынның облысымызға әкелер пайдасын жіліктеп жіктеп, тарқатып түсіндірген жөн деп санадық.

Жоғарыда  айтқанымыздай, Жамбыл облысы инвестиция салу үшін аса тиімді өңір. Өйткені, 144  мың шаршы шақырымды алып жатқан Жамбыл жері аграрлық, өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келе жатқан, экономикалық және интеллектуалдық потенциалы қалыптасқан аймақ. Бұл ретте, инвесторлар үшін өңірдегі тау-кен, табиғи газ, химиялық, мұнай өңдеу, тамақ және металлургиялық, құрылыс материалдары мен электр энергетикалық өндірістің жолға қойылғаны да біздің облысқа келуге түрткі болары анық.

Бір ғана тау-кен өндірісі саласындағы фосфорит, баритті және марганецті рудаларды, газ өңдеу жалпы өнеркәсіптік өндірістің 7 пайызын құрайды. Ал, химиялық өнеркәсіп саласы еліміз бойынша алдыңғылар қатарында. Өйткені, аталған сала облыстан экспортқа шығарылатын тауарлардың 70 пайызын құрайды. Ал, еліміз бойынша өндірілетін химия өнімдерінің үштен бір бөлігін еншілейді.Әрине, мұндай қазбалы байлықтардың мол мөлшері кен өндірушілерді қызықтырмай қоймасы анық. Бұдан бөлек, облысымыз фосфорит пен кен өңдеуде қолданылатын шпаттың мол қорына ие. Сондай-ақ, Әулиета жерінің қойнауынан мыс, алтын, күміс, қорғасын, мырыш секілді бағалы металдар, барит, көмір, құрылыста пайдаланылатын түрлі сәндік тастар мен асбест, цемент, керамзит шикізаты және гипстің қомақты мөлшері бар.

Осы орайда, иневесторларды тарту мақсатында ашылған «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы облысымызда жүзеге асқан үлкен жобалардың бірі болғалы отыр. 16 озық технологиялы өнеркәсіп ошақтарын ашуға арналған аймақ мұнда жұмыс істейтін кәсіпорындағы өте тиімді болмақ. Біріншіден, оның орналасқан аумағы қажетті шикізат көздеріне жақын болса, екіншіден, арнайы аймақ түрлі салықтық төлемдерді төлеу кезінде қомақты жеңілдіктер жасауды қамтамасыз етеді. Яғни, мұнда зауыт салып, өнім шығаратын компаниялар қажетті соманың белгіленген мөлшерін ғана төлейтін болады. Ал, үшіншіден, мұнда өнеркәсіп орнының құрылысына қажетті барлық жағдай жалған. Яки, инфрақұрылымы тартылған: электр энергиясы, табиғи газ бен су тартылған, жолы төселген, кәріз жүйелері жүргізілген. Тек, келіп, жұмыс жасаса болғаны.

forum4-555x370

Осы ретте, инвестиция салушылар үшін облыстың ауыл шаруашылық саласы да аса тартымды екенін айта кеткен жөн. Себебі, аймақта 757 мың гектар егістік даласы болса, оның 175 мың гектары суармалы. Ең маңыздысы, аймақтың ауа райы жағдайы жайлы жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, егін шаруашылығын дамытып, жайылымдық жерлерді жыл он екі ай бойы пайдалауға жол ашады. Мәселен, Жамбыл жерінің мамыражай табиғаты Еуропа елдерінде «екінші нан» саналатын картоп өсіруге тиімді. Бұл үшін аймақта 8 584 гектар жер қаралған. Сондай-ақ, облыстың климаттық жағдайы тәтті түбір – қант қызылшасын (5 360 га), жүгері (13 850 га), көкөністердің сан алуан түрін (26 139 га), майлы дақылдарды (91 200 га), бақша өнімдерін (10 122 га) және масақты-дәнді дақылдарды (422 000 га) егуге мүмкіндік береді.

Сол секілді, мал өсіріп, өнім өндіремін деушілерге де жағдай бар. Бұл бағытта облыс аумағында 3 млн. гектар табиғи жайылымдық жерлер қарастырылған. Аталған жер көлемі пайдасы көл-көсір қой өсіруге де, табындап жылқы жаюға да емін-еркін жетеді. Бүгінгі күннің өзінде, облыс аумағында 342 мың мүйізді ірі қара, 105 мың бас жылқы, 3 миллионға жуық уақ мал, 1 млн. үй құсы мен 34 мыңға шамалас шошқа бар. Олардан алынған өнім де аз емес. Мәселен, өткен жылы өңірімізде 108 мың тоннает, 295 мың тоннасүт пен, 117 млн. дана жұмыртқа өндірілген.

Облыстың тоғыз жолдың торабында орналасуы да кәсіп иелеріне жайлы жағдай бола алады. Себебі, Әулиеата арқылы өнеркәсіп иелері көршілес Қытай мен Қырғызстанның нарығына тікелей шыға алады. Сондай-ақ, өнімдерін Алматы, Оңтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарына өткеруге мүмкіндік алады.

Мысалға облыс аумағынан Қазақстанның барлық аймақтарымен, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттеріне тікелей қатынауға мүмкіндік беретін 25 теміржол қатынасы өтеді. Ал, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралы көлік дәлізі көлік қатынасының жаңа тынысын ашып отыр. Аталған автомагистрль арқылы өнім өндірушілер Қатай, Ресей мен Еуропа елдерімен ғана емес, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан секілді Орталық Азия елдерімен байланыс орнатуға болады. Сол секілді, жуырда ғана жаңғыртудан өткен «Әулиеата» халықаралық әуежайы ұшу-қону жолағының жаңартылуы есебінен әуе кемелерінің кез келген түрін қабылдауға жол ашып отыр. Бұл фактор да инвесторлар үшін аса тартымды жағдай. Бұдан бөлек, облыстың Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Үндістан, Қытай мен Иран секілді серіктес мемлекеттер нарықтарына шығу үшін таптырмас алаң екені анық.

zham-620x370

Құйылған  қаржының халыққа қандай пайдасы бар?

Әрине, облысымыздың кәсіпкерлері  үшін оңтайлы тұстары туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Дегенмен, «Аймаққа келген компаниялар мен тартылған қаражаттан қарапайым халыққа қандай пайда бар?» – деген сұрақты құлағымыз жиі шалады…

Біздің өңірімізде өнеркәсіп ошақтарын ашуға, егін егіп, мал асырауға, жалпы, жұмыс істеуге ниеттегі компанияларға қажетті жағдай жасаудағы көздейтін мақсатымыз–облыста өндіріс ошақтарының, кәсіпорындар мен өнеркәсіп нысандарының санын арттыру. Өйткені, бұл, өз кезегінде,  қосымша жұмыс орындарының ашылуы мен бюджетке түсетін кірістерді артыратыны сөзсіз. Облысқа тартылатын инвестициялардың негізгі пайдалы тұсы да осы болмақ.Осы орайда, оқырмандарға түсініктірек болуы үшін, облысымызға тартылған инвестициялар нәтижесінде жүзеге асқан бірқатар жобалармен таныстырып өтуді дұрыс санадық.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облысымыз инвестициялар өсімі бойынша елімізде төртінші орынды иеленеді екен. Оған аймақтағы жобаларға тартылған қаражаттың жыл сайын тұрақты түрде өсіп отыруы сеп болған. Мәселен, биылғы жылдың 10 айының ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 173 млрд.теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ,  7,7 пайызға артқан. Бұл қаржының 35 пайызы сырттан тартылған. Бұл, өз кезегінде, аймақтың қаржы салушылар үшін тартымдылығы артып келе жатқанын аңғартып отыр. Осының нәтижесінде, өңірде Қытай, Ресей, Нидерланды, Франция, Чехия, Италия, Иран, Германия, Түркия, Жапония, БАӘ, Малайзия секілді 12 мемлекеттен келген инвесторлардың қатысуымен жобалар жүзеге асуда. Биылғы жылдың бүгінгі таңға дейінгі уақытының өзінде облысымызда жалпы құны 17 млн. АҚШ долларын құрайтын 2 инвестициялық жоба іске қосылған.

Бұл ретте, еліміздегі «Жасыл экономиканы» дамыту мақсатында баламалы қуат көздерінен электр қуатын өндіруге бағытталған жобаларды жүзеге асыру үшін де инвесторлардың тартылып жатқанын айта кету керек. Нәтижесінде, облыс аумағында баламалы көздерден қуат өндіретін 9 нысан іске қосылды. Олардың жалпы қуаты 114 МВт-ты құрайды. Бұл көрсеткіш Жамбылдың аталған салада ел облыстары ішінен бірінші орынға шығуына мүмкіндік беріп отыр. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табу керек екені анық. Міне, осы тұста инвесторларды тартудың маңыздылығы айқын сезіледі. Жалпы, облыс көлемінде баламалы көздерден өндірілетін қуаттың көлемін алдағы 3 жыл ішінде 247 МВт-қа дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл, өз кезегінде, табиғи жолмен алынған қуатпен облыстың 40-50 пайызын қамтуға мүмкіндік бермек.

Сол секілді, облысқа тартылған қаражат құрылыс индустриясының да бойына қан жүгіртіп отыр. Бұл қатарда, 2010 жылдан  франциялық «Викат» компаниясының көмегімен іске қосылған «Жамбыл цемент»,қытайлық «АCIG» компаниясының демеуімен ашылған Хантау цемент зауыттарын және «Жамбылгипс», «Ақтас» секілді гипс өндіру кәсіпорындарын мысалға келтіруге болады.

Инвесторлар көмегімен жүзеге асқан жобалар ауыл шаруашылығы саласында да жетіп артылады. Бұл мақсатта Қытай Халық Республикасы Шаньси провинциясымен берік байланыс орнатылған. Нәтижесінде, аграрлық салада жаңа технологияларды пайдалану үлесін артыру, 1 мың гектарға органикалық көкөністер мен жемістерді өсіру, тұқымдардың жаңа түрлерін шығару және өсіру, тоңазытқыш-қоймалар өндірісін ашу туралы келісімдер жасалған. Сол секілді, қытайлық «Да И» компаниясымен бірлесіп қуаттылығы 200 МВт-ты құрайтын жел электр стансасын салу да жоспарда бар. Жалпы, қытайлық компаниялармен бірлесіп 5,1 млрд. АҚШ долларына тең сомада 14 инвестжоба жүзеге асады деген үміт бар. Сол секілді, Белорусь, Иран Ислам Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Малайзия секілді мемлекеттердың кәсіпкерлерімен бірлескен бірнеше жоба жүзеге асуда. Мұның барлығы облыс бюджетінің бүйірін томпайтатыны анық.

forum1-555x370

Ең бастысы, инвесторлардың көмегімен елімізде кенжелеп тұрған салалардың бірі – туризмді дамытуға болады. Өйткені, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан тарихи орындарды туристік мақсаттарда тиімді пайдалану – қазынаға қаржы түсірудің тексерілген жолы. Бұған мысал ретінде ешбір қазба байлықтары жоқ бола тұра тек елге келетін саяхатшылар есебінен күн көріп отырған ондаған елдерді атауға болады. Демек, инвесторлар тарту арқылы аталған саланы дамыту – тамыры терең тарихымызға көрсетілген құрмет болып қана қоймай, одан пайда табуға да жол ашпақ.

12 меморандум – 120 млрд. инвестиция

Алдында айтқанымыздай, бұл форумның мақсаты өңірдің ауыл шаруашылы мен өндіріс саласына инвесторлар тарту. Бұл мақсатта Тараз төрінде басы қосылған түрлі саланың мамандары мен кәсіпкерлері өз ойларымен бөлісіп, облыста жүзеге асыруға болатын жұмыстарды талқылады. Нәтижесінде, халықаралық инвестициялық форум аясында облыста жаңа өндіріс ошақтары мен жұмыс орындарының құрылуына жағдай жасайтын жалпы сомасы 120 млрд. теңгені құрайтын 12 меморандумға қол қойылды.

Мәселен, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев химия және агрохимия өнеркәсібін дамыту мақсатында  «Біріккен химия компаниясы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Жеңіс Өсербаймен, жерді ғарыштан зондтау жөнінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ» вице-президенті Айдын Айымбетовпен, тау-кен металлургия комбинатын салу жөнінде қол қою үшін «Аурумдойчланд АГ» ЖШС-нің бас директоры Йоган Штольмен келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ, «Бурное Солар-2» күн электр стансасын салу жөнінде «Бурное Солар-2» ЖШС-нің бас директоры Нұрлан Капеновпен, 50 мың гектар аумаққа қант қызылшасын өсіру және қант зауытын салу жөнінде «Asyl Zher Company» ЖШС-нің директоры Мейірлан Бейбітбекұлымен, GMP и GLP стандарттары бойынша ветеринарлық дәрі-дермектерді шығаратын биокомбинат салу жөнінде «БиоВетKZ» ЖШС-нің директоры Уәли Шоңғараевпен келісімдер жасалды. Осы ретте, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров Үндістанның «K.S.INTERNATIONALFZE» Компаниясының директоры Нишант Нитин Доссамен өзара ынтымақтастық туралы құжатқа қол сойса, баламалы энергия көздерін дамыту жөнінде Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов пен «DUESUN TARAZ» ЖШС-нің директоры Әсет Жұмабаев меморандумға қол қойды. Бұдан бөлек, форум барысында жасалған келісімдер бойынша, ресейлік «Торговый Дом «Сибгрупп» компаниясының «ТаласИнвестКомпани» ЖШС-нің шығаратын  натрий цианидін сатып алатын болды. Ал, облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «АвтоГазАлматы» ЖШС-мен баламалы жанар май түрін енгізу жөнінде меморандум жасасты. Сондай-ақ, басқарма«AK Оrdasy building» ЖШС-мен модулді нысандар мен үйлерді салуда серіктестік етуге келісті.

Осылайша «Taraz Invest» форумы  Жамбылға 120 млрд. инвестиция әкелді.