Жамбылда 34 инвестициялық жоба жанданады

Қасиетті Әулиета топырағы  тұнып тұрған қазынаның қойнауы екені  байырдан белгілі. Құт дарыған  Қаратау, алтыны ағылған Ақбақай, бариты мен цементі бай Хантауы бәрі-бәрі  тастан табыс құйған қайнар көз.

     Міне, осы  кеннің қоры кейінгі жылдары алыс-жақын шет мемлекеттердің де қызығушылығын арттыруда. Әрине, құйылған инвестиция қара халықтың игілігіне өтелері хақ. Биыл да әр салаға қаржы салып, Жамбылды  «жер жұмағындай» жерсінген жат жерлік кәсіпкерлер аз емес. Жуырда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев есепті кезеңде осы бағытта бағыннан биіктер мен алда тұрған межелі міндеттерді халық қалаулыларына баян етті.

        Облыс әкімдігінде өткен алқа жиында Кәрім Нәсбекұлы  индустриалды-инновациялық бағдарламалар аясында іске асып жатқан жобалар жайында  кеңінен әңгімеледі.

-Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы сомасы 575 миллиард теңгені құрайтын  34 инвестициялық жоба қолға алынып, жанданып отып. Аталмыш насандар  толықтай қуатты күшіне шыққанда жаңа 5000 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.  

Ал ағымдағы жылдың өзінде 15,4 миллард теңгенің 12 жобасын жүзеге асыру көзделсе, оның 5-і іске қосылып, 378 адам жаңа жұмыс орнын тапты.

Олардың қатарында Байзақ ауданындағы «С.П.Ролла-Ян», Қордайдағы «Первомайские деликатесы», Таластағы «Қаратау ПРО», Жамбыл ауданындағы «Аса-Damu» және Тараз қаласындағы «Alina Holding» ЖШС-лары бар. Екінші  жартыжылдықта тағы 7 жобаны жандандырып, 1087 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

      Бұдан бөлек, «ЕвроХим-Тыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жаңатас қаласынан жылдық қуаты 1,4 миллион тоннаға жететін  минералды тыңайтқыш өндіретін кәсіпорынның құрылысын қолға алып отыр. Жобаның жалпы құны 356,5 миллиард теңге. Қазіргі таңда,тау-кен байыту комбинатының кірпіші қаланып, инфрақұрылым тарту  жұмыстары жүруде. Құрылыс жұмыстары толықтай аяқталғанда мұнда 2000 жаңа жұмыс орны ашылады. 2012 жылдан бастап бірінші кезеңдік сыртқы инфрақұрылым жұмыстарына 20 миллион доллар  бөлініп, игерілді. Енді екінші кезеңдік жұмыстарға тағы 20 миллион доллар қаралатын болады.

      Сондай-ақ, ағымдағы жылы  еліміздің инвестициялар  және даму министрлігі, облыс әкімдігі және «Еврохим-Қаратау» ЖШС үш жақты меморандумға қол қойып, нәтижесінде серіктестік «Жаңатас-Шымкент» автожолы мен «Жаңатас-Түркістан» теміржол желісінің құрылысын бастағалы отыр. Сметалық құжаттар толықтай дайын болғанда бұл құрылысты мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жүргізу көзделуде.   

Ал «Химпарк Тараз» арнайы экономикалық аймағында бірінші кезеңдік инфрақұрылым жүргізу  жұмыстары аяқталуға жақын. Және 7 инвестициялық жобалар бойынша келіссөздер орнатылған. Бұл жаңа 1000 жұмыс орнын ашуға сеп болмақ. Оның алғашқысы «ХИМ-плюс» ЖШС 2018  жылы іске қосылып, жұмысшыларды қабылдайды деп күтілуде, -деді облыс әкімі.  

Бұдан кейін, Кәрім Көкірекбаев аграрлық салаға салынып жатқан қомақты қаржы мен инвестициялық бастамаларды баса айтты.

Биыл  ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 10 миллиард 948 миллион теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар негізінен үдемелі алма бақ өсіру, бордақылау алаңын, сүт фермаларын және жылыжай соғу бағыттарын қамтып отыр. Атап айтсақ, Байзақ ауданындағы «Бота» шаруа қожалығы 1 гектар аумаққа өз қаражатынан жылыжай құрылысын салуда. Жоба құны — 120,0 миллион теңгені құрайды.Сондай-ақ, «Eco fruit» ауыл шаруашылғы кооперативіне біріккен «Kaz Eco Fruit» шаруа қожалығы 50 гектарға  үдемелі алма бағын отырғызды. «Сады Востока», «Кунгей», «НұрлыЖол»  ЖШС-лары үдемелі алма бағын жайқалтуды  жоспарлап отырса,  Жамбыл ауданындағы «Орақбай» шаруа қожалығы  өз қаражатына 1,0 гектарға  жылыжай салуда. «ФармМенеджмент», «Мағжан», «Алашбай» қожалықтары  1000 басқа дейінгі  мүйізді ірі қара  малына арналған мал бордақылау алаңының, Жуалыдағы «Гамбург» қожалығы 800 басқа арналған,  «Төлеген» шаруа қожалығы  200 басқа арналған сүт тауарлы фермасын ашуды жоспарлауда. Сондай-ақ,  «АгроОрдахан» шаруа қожалығы  мал бордақылау алаңын 200 басқа жеткізуді көздесе,  Қордай ауданындағы«KazMeadKordai» ЖШС-і мал бордақылау алаңын 5 000 басқа үлкейтуді қолға алмақ. Ал «Ақтоған» шаруа қожалығы мақсары майын өңдеп шығаратын цех салуды жоспарлауда. Бұл жобалардың барлығы толықтай жүзеге асқанда, ауыл шаруашылығы саласына жаңа серпін әкелері анық, -деді өңір басшысы.

Құрылыс саласында да қарқын бар. Облыс әкімінің баяндамасына сүйенсек, биыл 107 нысанның құрылысы мен қайта жаңғыртуға және 95 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 25 миллиард теңге қаралған.  Нәтижесінде, есепті кезеңде 204,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұрын соңды болмаған 800 пәтерлі 10 үй тапсырылған. Енді  «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10 мыңнан астам шаршы метр үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады  деп күтілуде. Бұдан бөлек, келер жылы тағы 60 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салу көзделуде. Ол үшін тиісті жер телімдері белгіленіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша инженерлік құрылымдар салынуда. Дәл сондай, жаңа №14 ықшам аудан мен «Тараз Сити» қалашығының құрылысына қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілуде.

Жол құрылысы да назардан тыс қалып отырған жоқ. Жергілікті мәндегі автомобиль жолдары мен елді мекендердің  көшелерін жөндеп, күтіп ұстауға ағымдағы жылы 10 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар, бөлінген қаржы есебінен  «Тау самалы» және «Ақыртас» туристік нысандарына апаратын жолдарды қайта жаңғырту  жұмыстары да жоспарланған.

Айша бибі көшесінің аяғындағы көпірді жөндеу жұмыстарына өткен жылы 1,1 миллиард теңге қаралса, биыл 709 миллион теңге бөлніп, асфальтобетон жамылғысын төсеу жұмыстары жолға қойылмақ. Сондай-ақ, көпірден бастап  Қырғызстан шекарасына дейін баратын автожол құрылысын жүргізуге қажетті жобалық-сметалық құжаттар да әзірленуде.

Кейінгі жылдары облыста баламалы электр көздерін көбейту, тұрғындарды ауыз сумен қамту  мен елді мекендерді газдандыруға  да  ерекше ден қойылуда. Кәрім Нәсбекұлы өз сөзінде  бұл бағыттағы жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті.

-Қазіргі таңда, өңірде жалпы қуаттылығы 118,7 МВт құрайтын, 9 нысан іске қосылған. Сондай-ақ, Қордай ауданындағы жел электр станциясы қуаттылығын 53 МВт-қа жеткізіп отыр.

2017-2020 жылдары аралығы тағы 5 нысанның құрылысын жүргізу жоспарда бар. Олардың қуаттылығы 247 МВт-ты құрайды деп күтілуде. Сонымен қатар, Жуалы ауданындағы «Бурное солар-2» күн электр станциясының екінші кезеңдік құрылыс жұмыстарына квота қаралып, станцияның қуаттылығы 50 МВт-қа қосымша артатын болады.   

Бүгінгі күнге облыстағы елді мекендердің 48 пайызы газдандырылған. Биыл құны 1 миллиард 726 миллион теңге тұратын, тағы 6 жобаны жандандыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Сарысу, Талас, Шу, Жамбыл және Байзақ аудандарындағы 69 елді мекенге газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Бөлінген қаржы толықтай тетігін тапса, өңірдегі бірқатар аймақтар көгілдір отынға қол жеткізетін болады.

      Бұдан бөлек, облыстағы төрт қаланың 83 пайыз тұрғындары орталықтандырылған ауыз су тұтынып отырған болса, үстіміздегі жылы Қаратау мен Жаңатас қаласында 5 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал елді мекен халқының 61,7 пайызы таза ауыз су ішіп отырса, биыл тағы 11 нысан құрылысына қазынадан 3 миллиард теңге қаралып отыр,-деді К.Көкірекбаев.

 Өңір туризімінің де түтіні тік ұшатын күн алыс емес.Ағымдағы жылы туристік нысандарды дамытуға 37 миллион теңге бөлінген. Және бұл қаржыға бірқатар жұмыстар атқарылып отыр.

-Биыл біз  Бектөбе, Георгиевск, Тамды, Саудакент сынды бірқатар ортағасырлық қалашықтарға  археологиялық ғылыми-зерттеу және консервациялық жұмыстар,  Ертеислам дәуірінің мешіті мен  Керуен-сарайы археологиялық ескерткіштеріне мұражайландыру жұмыстарын жүргіздік.  Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде  «Ұлы Жібек жолы» бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған Ежелгі Тараздың тарихымен таныстыру мақсатында мамыр айында Астанаға керуен жөнелттік. Керуен Астанаға жеткенше әрбір тоқтаған бекеттерде «ЭКСПО-2017» көрмесін насихаттауға бағытталған іс-шаралар, қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері көрсетілетін көріністер, ұлттық спорт ойындары, концерттік бағдарламалар мен театрандырылған  қойылымдар ұйымдастырды.   

Өткен аптада көрме аясында Елордада өткен Жамбыл облысының мәдениет күндері осы керуен Астанаға жетіп, Тарихи Таразды тағы бір мәрте танытты. Осы жұмыстарға белсене атсалысқан барлық азаматтарға  алғысымды білдіремін.

Енді көрме қонақтарын өңірдің туристік орындарын көрсетуге шақыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарымыз да жемісті болады дегенге сенім мол,-деді облыс әкімі.

Осылайша аймақ басшысы жаңа жобалар мен сырттан келген қаржы есебінен атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Бұл әрине ең бірінші облыс экономикасына ерекше леп беріп, жаңа биіктерге жетелейтіні анық.

Саятхан Сатылғанов