Жамбылда «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ауылдық тірек мектебі толықтай жабдықталды
Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Б. Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңғыртылды. Бұл «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен өңірде алғашқы рет жүзеге асқан жоба. Жобаның нәтижесінде «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен оқу орнының материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды. Оған 249 млн 825 мың теңге жұмсалды. Ал мектеп оқытушылары оқудан өтіп, Назарбаев зияткерлік мектебінің мамандарынан әдістемелік қолдау алған.
Осыған орай ұйымдастырылған мектептің жаңартылған материалдық-техникалық базасының таныстырылымына облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев, «Қазақстан халқына» қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Қордың серіктесі – Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев, сондай-ақ жоба серіктестері қатысты. Айта кетейік, тірек мектебі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесе жүзеге асырып жатқан «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында жабдықталды. Жалпы, 935 оқушы білім алатын мектептің 35 оқу кабинеті мен шеберханасының материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Сондай-ақ, STEM зертханасы, Арт-студия, интеллектуалдық зал, кітапхана және телестудия ашылған. Қор өкілдерінің айтуынша, жаңғыртудың нәтижесінде мектеп құзыреттілік орталығына айналып, жақын маңдағы шағын жинақты мектептер үшін тірек мектеп атанады.
Жамбыл облысы әкімдігі