ЖАМБЫЛДА МЕМҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ «QYZMET» МЕДИЦИНАЛЫҚ КАБИНЕТІ ТЕГІН ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ
Биыл Жамбыл облысында жоспарланған 782 мемлекеттік қызметшінің 209-і оқудан өтті. «Е-қызмет» жүйесінде штаттық режимде енгізілген құжаттардың саны бір мемлекеттік қызметкерге орташа есеппен 2 құжатты құрады. Мемлекеттік қызметшілерге Тараз қалалық № 5 емханада «Qyzmet» медициналық кабинеті тегін қызмет етеді. Бүгінде медициналық кабинетке 1 908 мемлекеттік қызметші тіркелген.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірдегі департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан айтты.
«Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау мәселесіне келетін болсақ, Әдеп жөніндегі кеңестің 3 мәжілісі өтіп, 24 мәселе қаралды, оның ішінде 9-ы тәртіптік іс және 15 профилактикалық мәселелер бойынша сұрақтар болды. Барлығы 58 ұсыным қалыптасты, оның ішінде 8 ұсыным тәртіптік істер бойынша берілсе, 48-і профилактикалық мәселелерді қарау нәтижелері бойынша қызметтік тәртіпті нығайту және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жолданды. Тәртіптік істерді қарау нәтижесі бойынша жалпы 5 лауазымды тұлға тәртіптік жазаларға тартылған», — деді Шәкір Сұлтанхан Асылханұлы.
Ол есепті кезеңде мемлекеттік қызмет саласында 55 өтініш қаралғанын да жеткізді. Оның 30-ы құзыреттілігі бойынша қарау үшін өзге мемлекеттік органдарға жіберілсе, 11-і толық немесе жартылай қанағаттандырылған. 13-і қанағаттандырудан бас тартылды, 1 өтініш иесінің арызы бойынша қарау тоқтатылды.
Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша жүгінген 4 азаматтың құқықтары қалпына келтіріліп, 2 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі