ЖАМБЫЛДА РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСТЫ 600-ДЕН АСА ІС-ШАРА ӨТЕДІ
Жамбыл облысында Конституциялық референдумды қолдау жөнінде 47 адамнан тұратын қоғамдық штаб құрылды. Штабтың құрамына аймақтағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, БАҚ өкілдері және жастар ұйымдарының көшбасшылары мен ғалымдар енді.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың төрағасы Амангелді Кәрентаев айтты. Ол алдағы уақытта штаб мүшелері өңірдің елді-мекендерінде, ірі кәсіпорындар мен ұжымдарда Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.
«Түсіндіру жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында жер, ауыл шаруашылығы саласы, заңгерлер, экономисттер мен тіл мамандары бар 17 адамнан тұратын сарапшылар пулы жасақталды. Сондай-ақ, штаб жанынан БАҚ-пен жұмыс жүргізетін, мониторинг, креатив сынды топтар құрылды. Желілік кестеге сәйкес 6 мамыр мен 3 маусым аралығында Тараз қаласы мен аудандарда 611 іс-шара өткізу жоспарланып отыр», — деді спикер.
Оның айтуынша, іс-шаралардың басым бөлігі Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндіруге бағытталатын болады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі