ЖАМБЫЛДА ЖҮГЕРІНІҢ 7 СҰРПЫ ЕГІЛГЕН

Жамбыл ауданында 1860 гектарға астық тұқымдасы егіліп, шаруалар техника мен саймандарын сайлап, ору жұмыстарына әзірленуде. Биыл ауданда жүгерінің 7 сұрпы себілген.

«Шаруалар жүгері дақылын сәуір айының басында ерте егіп бастаған. Бүгінде аудан алқабына долар, тұлпар, пионер, симаями, марко-419, гидро, нкатермо сұрыптары егілді. Жоспарымыз бойынша әр гектардан 5-6 тоннадан өнім аламыз. Кешеуілдеп пісетін жүгері будандарын 25 тамызға таман суарып бітіру маңызды болды. Бұл технологияны сақтаған жағдайда жоғары қоректілік құндылығы бар сапалы дән аламыз», – дейді Лаурат Темірғалиұлы.
Сондай-ақ, Өрнек ауылдық округіне қарасты 10 гектар алқапқа «Аян» шаруа қожалығының басшысы Самат Құрмантаев жүгері орналастырған.
️«Жер-анаға терін төгіп, күндіз-түні өнімге көзінің қарашығындай қараған шаруашылық басшысының жұмысы халықтың көз алдында. Бұдан бөлек, 6 гектар арпасы мен 2 гектар қарбыз алқабынан мол өнім алды. Жұмысы тиянақты азамат кез келген межені бағындыра алады. Енді ору жұмыстарына қызу дайындық үстінде», – дейді, ауыл әкімі Қанат Темешбаев.

Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі