Жамбылда жұмыртқа мен құс етін өндіру көлемі артып келеді
Осы жылдың шілде айында Үкімет Қазақстанда сүт, ет және тауық жұмыртқасы өндірісінің күрт қысқарғанын хабарлады. Жыл басынан бері Қазақстанда сүт өндіру 3 миллион тоннаға, тірі салмақтағы ет 15 пайызға, тауық жұмыртқасы 10 пайызға төмендегені көңіл көншітпейтін статистика болып тұр.
Сондай-ақ Қазақстанда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қосқанда ірі қара мал саны екі миллионға жуық басқа, қой саны – 14 пайызға, ешкі – 20 пайызға, шошқа – 34 пайызға, құс – 22 пайызға қысқарған. Министрлер кабинетінде атап өтілгендей, ет және сүт өнімдері өндірісінің қысқаруы нарықта өнім тапшылығы сияқты күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін.
Бұл саладағы жұмысымыз қалай екенін білу үшін Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласқан едік. Басқарманың баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов бүгінде облыста құс шаруашылығымен айналысатын бес ірі өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейтінін айтты. Оның ішінде «Әулие-ата Феникс» ЖШС, «Алел Агро» АҚ, «Қордай құс» ЖШС, «БМ Агропродукт» ЖШС сынды төртеуі ет өндірсе, біреуі – «Аса-Даму» ЖШС жұмыртқа өндіреді.
Биыл екі кәсіпорынның қуатын жылына тоғыз мың тонна өнімге дейін кеңейту жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда «Әулие-ата Феникс» серіктестігі алты құс қорасының құрылысын аяқтамақ. «Алел Агро» АҚ сегіз құс қорасының құрылысын жүргізіп жатыр.
Бүгінде облыстағы құс саны 1,9 млн басты құрайды. Жыл басынан бері 11,2 мың тонна құс еті өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға артық. Өндірілген құс етінің 376,4 тоннасы экспортқа шығарылды. Сондай-ақ 75 миллион дана жұмыртқа өндіріліп, 5,5 пайызға өсті.
Т.Жанұзақов өңірде инвестициялық жобалар арқылы да жұмыртқа мен құс еті өндірісі ұлғайтылатынын айтты. 2024-2026 жылдары облыста ауыл шаруашылығы саласында жалпы сомасы 77,5 млрд теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Бұл – сүт фермаларын, құс фабрикаларын, көкөніс сақтайтын қоймаларды, бордақылау алаңдарын, балық шаруашылығын ашу, суды үнемдеу технологиясын енгізу және тері өңдеу цехтарын құру.
Жасұлан Бақытбек