ЖАМБЫЛДА ЖЫЛ БАСЫНАН АНА ӨЛІМІ ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ – ТӨЛЕГЕН БҰҒЫБАЕВ
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне биылдыққа 94 арыз түскен. Оның ішінде 29 арыз негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 15 арыз негізді деп танылса, 14 арыз негізсіз деп танылды.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында ведомство басшысының орынбасары Бұғыбаев Төлеген айтты. Оның мәліметінше, департамент жоспардан тыс тексерулерден бөлек, профилактикалық тексерулер де жүргізеді. Мысалы, медициналық қызметті профилактикалық бақылау бағыты бойынша бірінші жартыжылдыққа 8 тексеріс жоспарланған.
«Оның ішінде 5 профилактикалық тексеру және 1 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп келесі кемшіліктер анықталды: ДСМ бұйрығына сәйкес медициналық құжаттар дұрыс толтырылмаған. Пациентті қолдау және ішкі бақылау қызметі клиникалық аудитті толық жүргізбеген. Бейінді мамандар консультацияларын уақтылы қамтамасыз етпеген. Жүргізілген ем диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларының ұсынымдарына сәйкес келмейді. Тиісті клиникалық мамандық бойынша мамандарда клиникалық практикаға жіберу үшін сертификаттар жоқ», — деп атап өтті спикер.
Төлеген Тәкежанұлы аймақта 2022 жылы ана өлімі тіркелмегенін де жеткізді.
Жыл басынан бері электрондық түрде «Е — Лицензиялау» МДҚ арқылы медициналық және фармацевтикалық қызметке лицензия алуға барлығы 200 өтініш түсті. Оның 154-іне лицензия берілді, 46-сынан бас тартылды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі