ЖАМБЫЛДА ЖЫЛ БАСЫНАН МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР САЛАСЫНДА 200 МЫҢҒА ЖУЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Биыл жыл басынан бері мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті 199 395 қызмет көрсетті. Мұның ішінде электронды түрде – 198 923, қағаз жүзінде 472 қызмет ұсынылды.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде аймақтағы Мемлекеттік кірістер департаменті басшының орынбасары Уалихан Әлібеков айтты. Оның сөзіне қарағанда, облыс аумағында «Тараз-КРО» кеден бекеті жұмыс істейді. Биылдыққа «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі бойынша барлығы 1 038 тауарға арналған декларация ресімделген.
«Бірінші тоқсанда түскен кедендік төлемдер мен салықтардың сомасы 2 млрд. 747 млн. теңгені құрады. Департамент 29 кедендік тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, 22 құқықбұзушылық анықталды және 804 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, кедендік тексеріп қарау бойынша қосымша салынған кедендік төлемдер мен салықтардың соммасы 5 млн. 663 мың 135 теңгені құрады», — деді спикер.
Айта кетейік, бүгінде шағын және орта бизнес күрделі кезеңді бастан өткеруде. Шын мәнінде, пандемияның зардабы осы салаға ауыр тиді.
«Осыған қарамастан, жыл басынан бері барлық деңгейдегі мемлекеттік кірістер органдары салықтарды жинақтау жұмыстарын белсенді түрде атқарды. Мысалы, Жамбыл облысында 2,4 млрд. теңге қосымша түсімдер қамтамасыз етілді», — деді Уалихан Құланқадырұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі