ЖАМБЫЛДАҒЫ 10 МУЗЕЙДІҢ ВИРТУАЛДЫ ТУРЛАРЫ ӘЗІРЛЕНДІ

Жамбыл облысы көлемінде халыққа мәдени қызмет көрсетіп отырған 541 мекемеге биыл 9,5 млрд. теңге қаралып отыр. Ағымдағы жылы 4 мәдени нысанның құрылысы, 32 нысанды күрделі және ағымдағы жөндеу жоспарланып отыр. Ал былтыр 10 мәдени нысанның құрылысы жүргізіліп, 39-ы күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті. Бүгінгі таңда 139 ауылдық округте кітапханалар жанынан 209 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары ашылған.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде әкімдіктің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай айтты. Ол тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау, олардың мәртебесін анықтау басқарманың басты назарында екенін де жеткізді. Облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің 728-і мемлекеттік тізімге алынған екен. Қазір жергілікті дәрежедегі 698 тарихи-мәдени ескерткіштердің паспортын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
©️©️©️
«Есепті кезеңде облыс музейлеріндегі 116 мыңнан асатын экспонаттарды 6 555 келуші тамашалап, 481 экскурсия, түрлі тақырыптарда 130 көрме ұйымдастырылды. Облыс бойынша 10 музейдің виртуалды турлары әзірленген. Жыл басынан бері Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрнекті жамбылдық ақын-лирик Владимир Краковскийдің 75 жылдығына орай “Шиват Цион” еврей мәдени орталығымен бірлескен жаңа экспозициясы ашылды. Музейге қарасты көркемсурет галереясында «Суретшінің қылқаламы үнемі жанында» атты балалар шығармашылық көрмесі өтті. Көрмеге 16 жас суретшінің 80-ге жуық шығармашылық жұмыстары қойылды», — деді Ерлан Нұрманұлы.
Брифингте белгілі болғандай, жыл ішінде «Сүйікті қазақ ертегілері» атты балалар суреттерінің шығармашылық көрме-байқауы және «Ұрпақтар сабақтастығы: тарих пен болашақ жамбылдық суретшілердің көзімен» көрме-байқауы өткізілетін болады. Сондай-ақ, музей қорынан Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жылжымалы көрмелер, «Музей түні» акциясын ұйымдастыру жоспарланып отыр.