Жамбылдағы жастардың қылмысы жан түршіктіреді
Сын мен шын
Бүгінде жасөспіремдер арасында қылмыстың дендеп тұрғаны жасырын емес. Әсіресе, Тараздық «тентектердің» бұзақылығы талай мінберлерде көтеріліп, майшаммен де қаралды. Десе де, бұдан нәтиже шығар емес. Керісінше мектеп және арнаулы орта оқу орындарындағы бопсалау, ұрып-соғу, тіпті адам өлімі фактілері дейін азаймай тұр. Бұған не себеп? Отбасы мен білім ошақтарындағы тәрбие жұмыстарының аздығы ма? Әлде бұның басқа да себептері бар ма? Және жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу үшін не істемек керек? Міне, осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Жасөспірімдер тарапынан 7042 заң бұзушылық орын алған
Облыс әкімдігі ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі берген мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылы түрлі құқықтық бұзушылықтары үшін 7042 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізіліпті. Нәтижесінде 1062 жас пен 664 жайсыз отбасы есепке алынған. Бірнеше рет құқық бұзғаны үшін 41 кәмелетке толмаған жасөспірім арнайы мектепке орналастырылса, 57 тұлға ата-ана құқығынан айырылған.
— Есепті кезеңде мектептермен бірлесе отырып барлығы 1908 рейдтік шара ұйымдастырдық. Нәтижесінде спирттік ішімдік ішкені үшін — 182 бала, бұзақылық жасағаны үшін – 95, оқудан жалтарып, қаңғыбастыққа салынып, садақа сұраумен айналысқаны үшін – 390, түнгі мезгілде қадағалаусыз жүргені үшін – 3215 жасөспірім ұсталды. Олардың 435-і бейімдеу орталығына орналастырылды.
Бұдан бөлек, биыл мектеп және колледж білімгерлерінің ауыр қылмыс жасаған деректері азаймай тұр. Мәселен, Талас ауданында 16 жасар Өмірзақ Бигелді мен 14 жасар Ариман Мұқышевтің өзге тұлғаға пышақ салу фактісі тіркелді. Сондай-ақ, 15-16 жасар Уали Жалғас, Жандос Құдыс, Ержігіт Кенжеқұлов, Ернұр Татаев және Марат Жоратаевтың ұйымдасқан қарақшылық шабуылы Т.Рысқұлов ауданын дүр сілкіндірді.Олар жанар-жағармай бекетін тонаған. Осы қылмыстар Талас және Т.Рысқұлов аудандарындағы оқу орындарында қылмыс жасауға бейім оқушыларды анықтау, өмір жағдаяттарын салмақтау мен мектеп психологтарын жұмылдыру сынды жұмыстардың жолға қойылмағанынан орын алып отыр. Қазір барлық фактілер бойынша аудан әкімдігіне аталған білім мекемелерінің жауапты педагогтарына шара қолдану туралы ұсыныс жолданды, — дейді Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Қалжанов.
Иә, бұл шын мәнінде алаңдайтын жайт. Ай-күннің аманында мектеп оқушылары бір-біріне пышақ салып, одан қалса қарақшылық шабуылдар жасап жатса бұл білім мекемелеріндегі тәрбие жұмыстарының кенжелеп тұрғанын айғақтайды. Және Талас пен Т.Рысқұлов аудандарында жасөспірімдер заңнан да, басқаңнан да қорықпайды деген сөз. Сондай-ақ, ата-ана да балаларын қараусыз бетімен жіберген секілді. Олай дейтініміз, дәл осындай факті жаңа оқу жылы басында Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінде де орын алды. Нақтырақ айтсақ, 17 жасар Асылбек Бидайбеков өзі танымайтын 16 жасар Шахзод Ирискуловты себепсізден-себепсіз ұрып-соғып, соңы адам өлімімен аяқталды. Қалаға арман арқалап, білім іздеп келген бір жанның өмірі осылай қиылды да кетті. Қазір күдікті ретінде ұсталған Асылбектің үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр. Небәрі 17 жасында осындай қылмысқа барған жасөспірімнің ісі шынында жаға ұстатады.
41 бала арнайы мектептің темір торына тоғытылған
Жасөспірімдер арасында алаңдайтын тағы бір жайт – мектеп оқушылары арасында есірткіге әуестік те белең алып барады. Мәселен, өткен жылдың қараша айында Тараз қаласындағы №6 мектеп оқушысы 13 жасар Николай Данилян токсиндік мас күйінде сол мектептің 4-ші сынып оқушысы Никита Никитюкті өлтіріп қойды. Екі жасөспірім бірлесіп желімді иіскегеннен кейін бірі екіншісін көртешенің бауымен буындырып, өмірін қияды. Бастапқы да қасақана адам өлтіру фактісі бойынша қаралған іс тергеу амалдарынан кейін бірі екіншісін зорлауға әрекет етпек кезінде абайсызда бауға буынып қалған деген бапқа ауыстырылған. Қазір Николай Данилян 2 жылға бас бостандығынан айырылып, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы ерекше режимді мектеп орналастырылып отыр.
Міне, осындай төбе шашың тік тұратын қылмысты 13 жасар бала жасап отыр. Адам өлтіргені былай тұрсын, зорлауға әрекет еткеніне не дерсің? Ертең мұндай жастан қандай адам шығады? Негізі Өскемен қаласындағы аталмыш арнайы мектепте қазір 10 бала жатыр. Оның 3-і Тараз қаласынан болса, 1-і Байзақ, 5-і Т.Рысқұлов және 1-і Шу ауданынан. Бұдан бөлек, 31-і жасөспірім Тараз қаласындағы теріс мінезді балаларға арналған мектепте оңалтылуда.
Осы сандардың өзі саналы адамды ойландыратыны анық. Егер 41 жасөспіріміз арнайы мектепте қамақта жатса, ертеңіміз не болмақ? Бұған біз қалай ғана жол беріп қойдық? Бесіктен белі шықпай жатып жастарымыз ерекше режимдегі тәрбие мекемесінің темір торына тоғытылып жатса, ол баланың болашағынан не күтеміз? Бір тағдыр талқан болып, келешегіне балта шабылды деген осы емес пе?
Ата-анаға айып салу, қылмыстардың санын азайта ала ма?
Жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Қалжановтың айтуынша, мұндай ауыр қылмысқа жеткізбес үшін қазір кәмелетке толмағандар тарапынан құқық бұзушылқтар жасауы және оларға қатысты қылмыс жасалудан сақтандыру мақсатында ата-ана жауапкершілігін күшейтуге бағытталған бірқатар шаралар қолға алынуда екен.
— Ювеналдық полиция мекемесі тарапынан жүргізілген рейдтік шаралар барысында кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде көңіл көтеру орындарында болуына жол бергені үшін – 189, алкоголь сату ережелерін бұзғаны үшін – 69, темекі және темекі өнімдерін 18 жасқа толмаған тұлғаларға сату немесе кәмелеттік жасқа толмаған тұлғалардың сатуы бойынша — 35 және жасөспірімдердің түнгі мезгілде заңды өкілдерін ертпестен тұрғын жайдан тыс жерде болу дерегі бойынша 3106 ата-анаға хаттама толтырылды. Нәтижесінде 1206 адамға 10 миллион 506 мың 847 теңге айыппұл салынды. Осылайша біз мұндай қылмыстарға ұсақ-түйек ретінде қарамай,ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тартып жатырмыз. Бұл шаралар аса ауыр қылмыстардың алдын алу болып табылады, -дейді бөлім басшысы.
Әрине, мұндай шараларды орынсыз дей алмаспыз. Себебі түн мезгілінде көңіл көтеру орындарында жүріп, одан қалса ішімдік ішкен жасөспірімдер ертең бір бәленің үстінен шықпасына кім кепіл. Содан барып, жастарымыз жоғарыда айтқан ерекше режимдегі мектептерге немесе тіпті түрмеге де тоғытылып жатады. Сондықтан ата-аналарды жауапкершіліке шақырған рейдтік шаралар көптеп ұйымдастырылса құба-құп.
Ақша бопсалау мен зорлық фактілері жиілеген
Тағы бір алаңдайтын жайтардың бірі – мектеп қабырғасындағы оқушыларды бопсалау фактілері. Биылғы оқу жылының басының өзінде мұндай бір жайт тіркеліп отыр. №3 мектеп-лицейдің 14 жасар оқушысы Мұхамедәлі Сейдолла өзінің құрдасы Айбек Рахымжаннан ақша бопсалау дерегі бойынша ұсталған. Мектеп пен ата-аналар арасында үлкен резонанс тудырған бұл оқиға бойынша қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, Мұхамедәлінің ата-анасына айыппұл салынуы немесе бала міндетті түзету жұмыстарына жолдануы мүмкін. Ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Қалжановтың айтуынша, күдіктіге тіпті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы да кесілуі ғажап емес екен.
Өңірдегі жасөспірімдер қылмысы бұнымен де толастап тұрған жоқ. Қазір кәмелеттік жасқа толмағандардың жыныстық әрекеттерге баруы да шошытуда. Мәселен, ағымдағы жылдың тоғыз айында мұндай 121 қылмыс қозғалған. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда артқан. Аталмыш қылмыстардың ішіндегі ең ауырларын атап айтар болсақ, биыл 1 кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді зорлау фактісі тіркелген. Сондай-ақ, 23 азамат 16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түскені үшін ұсталса, балғын балаларды азғындату бойынша 6 қылмыстық іс тіркелген.
Тәртіп сақшыларының тың бастамалары
Міне, осындай жаға ұстатарлық қылмыстардың алдын алу үшін бүгінде жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімі тың жобаларды ұсынып отыр.
— Қазір біз аз қамтылған отбасылар, яғни баласын мектепке алып келіп, қайта алып кете алмайтын ата-аналардың тізімін жасап, мектептерде тәжірибе ретінде қоғамдық көмекшілерді бекітіп жатырмыз. Бұл бастамаға ерікті ретінде «Қазфосфат» ЖШС-ның жұмысшылары қолдау білдіруде. Олар өздеріне бекітілген бір топ оқушыны сабақтан кейін үйіне жеткізіп салып, ертесіне қайта мектепке алып келеді. Одан бөлек, шетелде бар тәжірибе негізінде «Мектептің сары автобусы» үлгісі бойынша балаларды тасымалдайтын мектеп автобустарын жүргізуді пилоттық жоба ретінде енгізіп жатырмыз. Ол үшін №16,№5 орта мектеп пен №8 мектеп-гимназия таңдалып алынды. Осы мектептерге автобустардың қозғалу бағыты бекітіліп отыр. Егер жоба өз өміршеңдігін дәлелдесе, Тараз қаласындағы барлық мектептерге «сары автобустарды» қатынату жоспарлануда, -дейді бөлім басшысы Қ.Қалжанов.
Иә, қалай дегенде де, жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алуға отбасы, мектеп, құқық қорғау органдары, қала берді жергілікті билік болып көңіл бөлген абзал. Әйтпесе, бүгінгі жағдай мен статистика сананы сан саққа жүгіртіп отыр. Егер бұлай бара беретін болса, ертең барлық мектептерде осындай фактілер тіркелуі мүмкін. Облыстық ішкі істер департаментінің мамандарының айтуынша, қазір Тараз қаласындағы білім мекемелерінде мектеп инспекторлары толықтай қызмет көрсетуде екен. Алайда аудандарда 101 мектеп бақылаусыз қалып отыр. Сондықтан бұл мәселені тез арада шешіп, олқылықтың орнын толтырған жөн. Және арнаулы орта оқу орындарына құқық қызметкерлері тарапынан бақылау күшейтілген дұрыс секілді. Әйтпесе, ертең екінің-бірі қылмыс жасап, бармақ тістеп отыруымыз бек мүмкін.
Саятхан Сатылғанов
Жамбыл облысы