Жамбылдық 16 жастағы балқар қызы қазақ айтысының биігінен көрінуді көздейді
Алина Айдаралы – Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айшабибі ауылының тумасы. Айтыс десе, ішкен асын жерге қоятын балқар қызы өз замандастарының арасында шашасына шаң жұқтырмай келеді.
Бүгінде Жамбыл өңіріндегі Айша бибі орта мектебінің 10-сыныбында оқитын балқар қызы қазақ сыныбында білім алады. Қазақ тіліне деген ерекше қызығушылығын оятқан да мектептегі ұстаздары көрінеді. Айтыс өнеріне келуін ол бізге былайша әңгімелеп берді:
«Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құралай Райымбекованың нұсқауымен қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларымен етене таныстым. Есейіп, ес білгелі өлең шығаруды қолға алдым. Ең алғашқы аудандық оқушылар арасындағы айтысқа да ұстазым Құралай Кеңсебайқызының қолқалауымен қатыстым. Осылайша айтыс өнеріне алғаш рет қадам бастым» дейді ақын қыз.
Ең алғашқы жеңісі туралы ол: «Жамбыл облысы Жамбыл ауданында оқушылар арасында өткен аймақтық айтыс менің өмірімдегі ең бір елеулі айтыс дер едім. Сол айтыста 1-орынды иеленіп, 70 мың теңге жүлде алдым.
Сол кезге дейін өзімнің жеке домбырам болмады. Мектептің домбырасын немесе өзге біреулердің домбырасын сұрап алатынмын. Осы айтыс маған ең алғашқы өз домбырамды қолыма ұстатты. Бұл менің ең үлкен жетістігім деп білемін», – дейді ол.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, өмірін өлеңмен өрген өнерлі қыздың айтыс әлемінде жеткен жетістіктері де жетерлік. Атап айтқанда, Алина Айдаралы 2021 жылы Павлодар қаласында өткен «Ұлт ұстазы-Ыбырай» атты республикалық оқушылар айтысында жүлделі екінші орынды, дәл осы жылы Алматы қаласында өткен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты республикалық оқушылар айтысында кіл мықтылармен бақ сынасып, жүлделі үшінші орынды иеленіпті.
Оның айтыс әлемінде бағындырған биіктері мұнымен шектеліп қалмайды. Биыл Жамбыл облысы Жуалы ауданында Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай өткізілген «Жай отынан жаратылған намысы» атты облыстық ақындар айтысында алғаш рет аға буын өкілдерімен бірге үлкен сахнада өнер көрсетті. Нәтижесінде топты жарып, жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады.Сондай-ақ, таяуда ғана Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында Айтбай Назарбековтың 100 жылдығына орай өткен облыстық ақындар айтысында да шашасына шаң жұқтырмай, жүлделі 1-орынға ие болыпты.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, өнер әлемінде жұлдызы жарқырап келе жатқан Алина Айдаралы жетістікке жетуінің сыры ұстаздарының зор тәлімінің арқасы екенін айтады.
Айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов қолдау көрсетіп, үлкен сахналарға жетелеп алып шығыпты. Бүгінде 10-сынып оқушысы Алинаға белгілі айтыскер ақын Есет Досалы жетекшілік етіп, айтыстың қыр-сырын ұғындыруда. Ендігі жерде жас өнерпаз қазақ айтысының биігінен көрінуді көздейді.
Сондай-ақ, өнерлі өрен өзін домбыра тартуға баулыған Қыдырбай Оразбаев, Мадина Сағымбекова сынды мұғалімдерінің орны ерек екенін де атап өтті.
Алина Айдаралы Жамбыл облыстық Қазақстан Халықтар Ассамблеясы ұйымдастыратын іс-шараларға белсене араласады. Атап айтқанда, «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты іс-шараға қатысып, қазақ тіліне деген өзінің жүрекжарды жырын жеткізіпті.
Өзге ұлттың өкілі болғанына қарамастан, қазақ тіліне деген құрметі ерек осы бір қаршадай қызға қарап-ақ, қазақ тілінің ұлы даланың ұлтаралық тіліне айналып үлгергенін аңғару қиын емес.
Сонымен қатар, Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің бастамасымен өткен «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңінде де Алина Айдаралы топты жарып, алға шықты. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін дәріптеп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат тұтқан додада ол «Жарқыра, жас дарын!» ақындық байқауы бойынша бақ сынады. Сол мезетте берілген тақырыпқа өлең шығарып, өзінің суырып салма ақындық қасиетін көрсетіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Қазіргі таңда ол Астана қаласында өтетін «Мың бала» байқауының республикалық кезеңіне қызу дайындық үстінде.
«Мың бала» байқауы барша этнос өкілдерінің арасында өтетіндіктен жөні бөлек деп білемін. Мұнда біз сүйікті Отанымыз – Қазақстанды жырға қостық. Қаншама ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатқан Егемен еліміз жасай берсін! Келешекте туған еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет етеміз! Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің мәртебесі қашан да асқақ болсын!» дейді айтыскер.
Көкейіне сөз сәулесі қонған жамбылдық Алина Айдаралының болашақта Надежда Лушникова апалары сынды қазақ айтысының көгінде самғайтынына сенем мол.
Гүлмира САДЫҚ, stan.kz