Жамбылдық маман қаңғыбас иттердің көбейіп кету себебін атады

Егер қараусыз қалған жануар агрессивті болса және адам мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірсе немесе құтырудың клиникалық белгілері болса, пневматикалық құралмен ұйықтататын дәрілер қолданылады.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Құрмантаев Нұржас айтты. Оның мәліметінше, ауланған жануарларды уақытша ұстау панажайы Тараз қаласында ветеринариялық станциясы тарапынан жалға алынып, жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта бұл жерде иесіз иттер уақытша ұсталуда. Ауланған иттер азықтандырылып, қажет болған жағдайда ветеринариялық көмек көрсетіледі.
✅ «Сонымен қатар, Сарысу, Талас аудандарында аудан әкімдіктерімен қамтамасыз етілуде. Мойынқұм ауданында иесіз жануарларды уақытша ұстау орнының құрылысы аяқталды. Тараз қаласының әкімдігі уақытша ұстау орнының құрылысына қаражат бөліп, мердігер іздестіруде. Қалған аудандарда жер телімдері бөлініп, қаржылары қарастырылуда. Тараз қаласы және аудандардың ветеринариялық станциялары құрамында иесіз қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға барлығы – 11 бригада құрылған», — деді спикер.
©️©️©️
❗️ Нұржас Нұржанұлы қаңғыбас иттердің көбеюі ит иелерінің бос жіберіп қоюынан да орын алып жатқанын жеткізді. Себебі, күшік кезінде асырап, бағып-қағып, кейін өскен соң бос жібере салады. Сонымен қатар, адамдарды тістеу фактілері де азаяр емес. Жыл басынан бері 2 172 адам жануарлардан зардап шекті, оның ішінде 1001-і он төрт жасқа дейінгі жасөспірімдер.
Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі