Жамбылдық полицейлердің мас жүргізушінің артынан қуған бейнежазбасы жарияланды
2023 жылдың 13 қарашасында полиция қызметкерлері Шу қаласындағы С. Сейфуллин көшесінде жол ережесін бұзғаны үшін 36 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы «Лада-210740» маркалы автокөлігін тоқтатқан.
Алайда, жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабына бағынбаған. Ол жол ережесін өрескел бұза отырып, жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірген.
Полиция инспекторлары машинаны қуып жетіп, қала көшелерінде әуреге салған тәртіпсіз жүргізушіні ұстады.
Ер адам наркологиялық сараптамадан өтуге жіберіліп, оның нәтижесіне сәйкес «орта дәрежедегі» масаң күйде болғаны расталған.
Сонымен қатар, аталған азаматтың 2020 жылы Шу аудандық сотының қаулысымен 5 жылға жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды.
— Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жүргізуші Шу аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Автокөлік айыптұраққа қойылды, — деп хабарлады Шу АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары Әділхан Базарбаев.
Жыл басынан бері Жамбыл облысында көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін 631 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал мас жүргізушілердің кінәсінен 27 жол-көлік оқиғасы орын алып, 4 адам қаза тауып, 37 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.
Ақ жол газеті