Жамбылдық жас өнерпаздар «Жаңа есім-2023» жобасының жеңімпазы атанды

Таразда шығармашыл жастардың «Жаңа есім-2023» жобасының жеңімпаздары марапатталды.

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған «Жаңа Есім-2023» жобасы биыл дәстүрлі түрде төртінші рет өтіп отыр.

Шара өңірдегі жас таланттарды іздестіру, оларға қолдау көрсету, орындаушылық шеберлігін шыңдап, танылуына мүмкіндік жасау мақсатында негізделген.

Жоба ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық іріктеу кезеңдерінен тұрады десек, биылғы іріктеу кезеңдеріне аудандарға қарасты барлық ауылдың талантты жастары қамтылып, жобаға 500-ге жуық үміткер қатысқан.

Жеңімпаздарды марапаттауға арналған гала-концертті тараздықтармен бірге Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, өңірімізге арнайы келген Грекия мемлекетінің делегациясы да тамашалады. Құрметті қонақтар қатарында Ежелгі Олимпия қаласының мэрі Георгиопулос Георгиос, Қазақстан-Грекия Іскерлік Кеңесінің тең төрағалары Ламнидис Томас, Жақсыбек Күлекеев, Грек Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің Кеңесшісі Бақытжан Сүйіндіков бар.

Кеш «Жаңа есім» атты театрландырылған қойылыммен ашылды.
Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев жобаның маңыздылығына тоқталып, жеңімпаздарды құттықтады.

— Ауқымды байқаудың іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен жеңімпаздар барлық қошеметке лайық! Халқымызда «Боламын деген баланың бетінен қақпа, белін бу» — деген жақсы сөз бар. Бұл байқау Сіздерге таланттарыңызды шыңдай отыра өрістеріңізді кеңейтіп, үлкен сахнаға жол салуға мүмкіндік береді. Сіздер осы жобаның кейінгі өнерпаз-қатысушыларына үлгі боласыздар деп сенемін. Шығармашылықтарыңызды дамыту жолында мақсат-мұраттарыңызға жете беріңіздер. Баршаңызды жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, — деді Еркін Үйсімбаев.

Жоба қорытындысымен «аспапта орындау», «эстрада» және «хореография» жанрлары бойынша барлығы 16 үміткер жеңіс тұғырына көтерілді. Олар: «аспапта орындаушылық» жанрында Бекарыс Ахмет, Қалмырза Рахимбердиев, Аруна Маратқызы, Бақдаулет Жанатбек, Ақниет Қаюп, «эстрада» жанры бойынша Перизат Асқарбек, Нұрайлым Тұрлыхан, Айбар Жапсарбек, Орынбасар Бақытұлы, Ұлмекен Рахматулла, Әділбек Сағат, Саламат Молдабаев, «хореография» жанры бойынша Бахтияр Аршанбек, Айшат Миссирова, Хегай Ангелина, Әлима Жетпісбай жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздарға диплом, статуэтка, қаржылай сертификаттар тапсырылды.

Сондай-ақ, жоба аясында қатысушылардың жаңа әндері енген «Жаңа Есім-2023» CD жинағының таныстырылымы өтті.

Шара ашық аспан астындағы концерттік бағдарламаға ұласып, жеңімпаз-өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Ән әуелеп, биден шашу шашылды.
Гала-концерт барлық қатысушылардың бірлесіп шырқаған «Жаңа Есім» финалдық әнімен түйінделді.

Жамбыл облысы әкімдігі