Жамбылдың макаронын Мәскеу, кеспесін Қытай тұтынып жатыр
Жамбыл облысындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі — «Рола–7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірдегі тамақ өнеркәсібі саласындағы жетекші кәсіпорын саналады. Негізі 2008 жылы Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылында қаланған мекеме 10 жылға жетер-жетпес уақыт ішінде кеспе өнімдерінің отандық нарығында көшбасшылардың қатарынан көрінді.
Алғашында «Чабрец» кеспесін өндірумен танылған серіктестікте 2010 жылы өндірісті кеңейту жұмысы қолға алынды. Нәтижесінде қосымша өндірістік цех іске қосылып, «Арай» кеспесі өндіріле бастады. Жаңа өндірістік цехтың ашылуы қосымша жұмыс күшін талап етті. Осылайша құрылғанына небәрі 2 жыл уақыт болған кәсіпорын 90 адамды жұмыспен қамтыды. Қазіргі таңда, мұнда 130 жергілікті тұрғын жұмыс жасайды.
«Рола–7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірген макарон өнімдері жоғары сапалылығы отандық нарықта әлдеқашан мойындалып қойған. Серіктестік директоры Тұрсынбек Нұрбаев өнімдері көршілес елдердің нарығында үлкен сұранысқа ие болып отырғандығын айтады.
–Қазіргі таңда, біз кеспе және макарон өнімдерінің 45 түрін шығарамыз.«Рола–7»-нің бренді саналатын өніміне сұраныс зор. Республиканың әр өңіріндегі дүкен сөрелерінен біздің өнімді табуға болады. Соңғы жылдары халықаралық нарықты бағындыруға да көп күш жұмсалды. Ә, дегеннен сапаға мән беретін Ресей, Қытай елдерінің тұрғындары да Қызыл Жұлдызда өндірілген кеспе өнімдеріне құмарта бастады. Оған қоса, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдеріне өз тауарымызды экспорттай бастадық, –дейді серіктестік директоры Тұрсынбек Нұрбаев.
Жыл басында серіктестік жанынан «Рола-Ян» атты Қытай мен Қазақстан мемлекеттерінің бірлескен кәсіпорны ашылды. Жамбыл облысында индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуға тиісті 35 инвестициялық жобаның бірі саналатын жаңа өндірістік кешен «Рола-7» өнімін халықаралық нарықта кеңінен танылуына мүмкіндік берді. Бірлескен кәсіпорынның жаңа цехында кеспе өндіру ісі толығымен автоматтандырылған DL-650X қондырғысында жүргізіледі. Бұл жабдық ұннан кеспе өндіруге дейінгі әрекеттің барлығын автоматты түрде орындап шығады. Қуаттылығы тәулігіне 25-30 тонна кеспені өндіретін цех «Рола–7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің екінші тынысын ашты.
Қазір «Рола-7» отандық тамақ өнеркәсібіндегі бірден-бір брендке айналды. Серіктестік басшылары ара-тұра облыстағы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен Астана, Алматы қалаларында өтетін жәрмеңкелерде Қызыл Жұлдыздың кеспесін сұрайтындардың көбейгендігін мақтанышпен жеткізді.
Рас сонау кеңестік заманнан бері біздің облыс тамақ өнеркәсібі саласына айрықша ден қойып келеді. Күні бүгінге дейін өндірістегі осы беделін жоғалтпаған өңірде соңғы жылдары аталмыш салаға бейімделген кәсіпкерлік нысандары көптеп ашылып жатыр. Азық-түлік қауіпсіздік мәселесіне әлем назары ауып тұрған тұста сапалы өнім өндіруді қолға алып, өз өнімін «Жамбылда жасалған» белгісімен алыс-жақын шетелдерге экспорттап жатқан жергілікті кәсіпкерлердің тындырымды тірлігіне сүйсіне қарамасқа шараң жоқ.
Саятхан Сатылғанов,
Жамбыл облысы