Жамбылдың отты жырлары

Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығына қарасты «Жамбылтану» бөлімінің ұйымдастыруымен Жамбыл Жабайұлының екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жауынгерлерге және халыққа рух берген, жеңіске жетелеген отты жырлары туралы ардагерлермен және зиялы қауым өкілдерімен әдеби- сазды кездесу өтті.

Іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, жазушы- журналистер, мәдениет саласының қызметкерлері және Тараз қаласының мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Жиынды «Жамбылтану» бөлімінің меңгерушісі Көсемәлі Сәттібайұлы ашып, Жамбыл туралы ғалымдардың ой-толғамдары турасында баяндады. Ары қарай ардагер жазушы- журналист Майлыбай Смағұлов жалғап, Жамбылдың жырларын жастар арасында насихаттаудың маңызы турасында ой қозғады. Сонымен қатар, айтыскер ақын, Ербол Қамбатыров, облыс ардагерлері Мұхаметілда Байшонов, Смайл Хаджымұратов, Күлаш Қосатбекова өз білгендерімен бөлісті.

Жамбыл радиосының жетекшісі Бақытжан Советұлы Жамбыл бабаның естеліктерінен айтып, бөлімге кітап сыйлады.

Жамбыл атындағы №5 мектеп- гимназиясының оқушылары Сәрсенбай Жасмин, Нұрдәулет Нұрдана Жамбыл бабасының жырларын жатқа оқыса, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті, Кенен Әзірбаевтың ұрпағы Төлеген Маржан Жамбыл алыбына арнауын көпшілікке паш етті.

Тараз қаласының оқушылар сарайындағы «Өрлеу» ән-саз студиясының «Жігер» жігіттер үштігінің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» және А.Райымбергеновтың «Секіртпе» күйлері келген қонақтарды рухтандырып, іс- шараның мәнін аша түсті.

Әдеби-сазды кездесуді мекеме әдіскері Жалғас Оразбек жүргізіп, Жамбыл туралы ақын-жазушылардың пікірлерін, өлең жолдарын ортаға салып, еркін әңгіменің көркін қыздыра түсті.

Кездесу барысында «Бала Жамбылдан – дана Жамбылға дейін» атты экспозициялық көрмесі таныстырылды. Іс-шара соңында мұғалімдер мен жастарға Алғыс хаттар тапсырылды.

Гүлгаухар БҮРКІТБАЕВА,
«Жамбылтану» бөлімінің мәдени ұйымдастырушысы.