ЖАМБЫЛДЫҚ КОЛЛЕДЖДЕР КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ШЕФТІК ҚАМҚОРЛЫҒЫНА АЛЫНУДА
Жамбыл облысындағы 44 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде 23 618 студент білім алып жатса, 11 784-і мемлекеттік білім тапсырысы аясында оқуда. Ауылдық жерде орналасқан 12 колледжде 3 891 студент, моноқалада орналасқан 8 колледжде 2 469 студент білім алуда. «Жас маман» жобасына өңірдегі 11 колледж еніп, 3,7 млрд. теңгеге замануи құрылғылармен қамтамасыз етілді. Жобаға қатысқан 8 колледж ақылы негізде қызмет көрсетуде. 2 арнаулы орта білім ошағында «Студент өнімі» дүкендері мен 2 ақылы қызмет көрсету орталығы ашылды.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында аймақтағы білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов айтты. Ол биыл табыс табуға бағытталған 8 колледж шамамен 41 млн. теңге пайда көретінін атап өтті. Сонымен қатар, колледждерді ірі кәсіпорындарға шефтік қамқорлыққа беру жұмыстары қолға алынып жатыр. Бүгінге 18 колледж «Казфосфат», «Имсталькон», «Палацио» кәсіпорындарымен, «Шәушен» ірі шаруа қожалығымен 3 жақты меморандумдар жасаған.
«Шефтік қамқорлыққа алынған колледждерге кәсіпорындар тарапынан материалдық, тәжірибелік-әдістемелік қолдаулар көрсетілуде. Мысалы, «Казфосфат» ЖШС тарапынан Жаңатас көпсалалы колледжіне студенттермен тау-кен қазба жұмыстарын ұйымдастыру үшін 4 гектар жер телімі бөлініп, тәлімгер шеберлер бекітілді. «Шәушен» шаруа қожалығы тарапынан Құлан агротехникалық колледжіне жобалық құны 12 млн теңгені құрайтын оқу-өндірістік мал ұстау базасын салу жұмыстары басталды. 2025 жылға дейін меншік нысанына қарамастан барлық колледждер шефтік қамқорлыққа берілетін болады», — деді спикер.
Талғат Салқанұлы 2021-2022 оқу жылында 37 колледждегі 57 мамандық бойынша оқытудың дуалды жүйесі енгізіліп, оған 5 610 студент қамтылғанын жеткізді. Дуальды оқыту жүйесі бойынша 260 әлеуметтік серіктестермен 5 610 үшжақты келісім-шарт жасалған. 2021 жылы дуалды оқыту жүйесімен оқыған 1 486 білім алушы жұмыспен қамтылған.
Өңірлік коммуникациялар қызметі