Жамбылдық медицина қызметкерлеріне сыйақы беру үшін 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен төтенше жағдай жөніндегі облыстық жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Оған аудан әкімдері және облыстың медициналық мекемелерінің бас дәрігерлері бейне байланыс форматында қатысты.
— Жалпы ел бойынша коронавирустық инфекцияның таралуына қатысты жағдай әлі де алаңдатарлық күйде қалып отыр. Біздің облыста аурудың 49 жағдайы тіркелген. Бұл ретте үш азаматтың сауығып, қазіргі уақытта үй карантинінде жатқанын айта кету керек. Дәрігерлердің жұмыс барысында науқастармен қарым-қатынаста кезіндегі аталған індетті жұқтырып алу жағдайлары алаңдатуда. Мемлекет өз тарапынан коронавируспен күрестегі озық мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Алдын алу шараларымен қатар олардың еңбегін материалдық ынталандыру жағы да қарастырылған. Мемлекеттік бюджеттен төленетін төлемдерді біздің облыстың медицина қызметкерлері де алуда, — деді аймақ басшысы.
Қазірге дейін облыстың 270 медициналық қызметкеріне республикалық бюджеттен жалпы сомасы 40 миллион теңгеге, медициналық мекемелердің резервтерінен — 12,9 миллион теңгеге үстемақы төленді. Ал, жергілікті бюджеттен қосымша 55 миллион теңге бөлінген. Оған жалпы алғанда 454 медицина қызметкері ие болмақ.
Қауіпті инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов баяндады.
Б. Жарқынбековтың айтуынша, аймақта 49 коронавирустық инфекцияны жұқтырғандар тіркелген десек, оның ішінде Мойынқұм және Шу аудандарында бір-бір жағдайдан, Меркі ауданында 2, Жамбыл ауданында 3, Тараз қаласында 6, Қордай ауданында 30 және Дели — Тараз бағытында рейс жолаушылары арасынан 6 жағдай тіркелген. Науқаспен байланыста болған 604 адам анықталып, олардың барлығы оқшауланып, карантинге алынды.
М.Жұманқұловтың мәліметі бойынша, облыста коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шараларға республикалық бюджеттен 576 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 281 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда 4,1 мың бір реттік медициналық костюмдер, 276 мың бір реттік маскалар, 17,8 мың респираторлар, 4,8 мың литр дезинфекциялық құралдар мен антисептиктер және басқа да медициналық бұйымдар мен препараттар қоры бар.
Сондай-ақ, тәркіленген этил спиртінен 13 мың литрден астам антисептик дайындалып, облыстың медициналық мекемелеріне жіберілген. Антисептиктердің қосымша көлемін 216 мың литр конфискаттан алу жоспарлануда.
М.Жұманқұлов бүгінгі таңда облыстың барлық медицина қызметкерлері жеке қорғану құралдарымен және антисептиктермен толық көлемде қамтамасыз етілгендігін айтып сендірді.
Басқосуда полицейлердің азаматтардың карантиндік талаптарды сақтауын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысы туралы полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов баяндады. Ол облыс бойынша 214 карантиндік режимді бұзу фактісі анықталғанын, блокпостта жұмыс істейтін полиция қызметкерлері арасында инфекцияның бар-жоғын анықтау бойынша тест жүргізу қажеттігін атап өтті.
Облыс әкімі жиынды қорытындылай келе, жергілікті атқарушы органдар мен медициналық мекемелердің басшыларын азаматтардың өтініштеріне, тілектеріне және сыни өтініштеріне мұқият назар аударуға, әлеуметтік желілерде көтерілген мәселерге жедел ден қоюға шақырды.
Меркі орталық ауруханасындағы резонансты оқиға бойынша аудан әкімі М. Өмірбековке сөгіс жарияланды, ал денсаулық сақтау басқармасының басшысы М. Жұманқұловтың жауапкершілігі карантин режимі аяқталғаннан кейін қаралатын болады. Облыста науқастармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлерін қорғаныш костюмдерімен және басқа да жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жалғасын табатын болады.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі