Жамбылдық полицейлер 137 тонна күкірт қышқылын тәркіледі

2022 жылдың 21 ақпанынан бастап Жамбыл облысының аумағында республикалық кең ауқымды «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде.

 

Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 2 тәулік ішінде есірткі қылмысының 22 дерегін анықтады.  Қылмыстық құқық бұзушылықтың 5 дерегі,  яғни ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы (Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау) бойынша — 1 дерек, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау) 2 дерек, ҚР Қылмыстық кодексінің  303-бабы 1-бөлігі (Есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) — 1дерек, ҚР Қылмыстық кодексінің 286-бабы 1-бөлігі (Контрабанда) бойынша 1 дерек тіркелді.

Сондай-ақ, 6 қылмыстық теріс қылық, 11 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Полиция қызметкерлері жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 30 дәріхана, 2 емхана, 3 емдеу мекемесі, 1 денсаулық сақтау мекемесін тексерді.

2 тәулік ішінде заңсыз айналымнан 9,37 гр «PVP» синтетикалық есірткі заты, 65 ампула «Морфин» есірткі заты, 137 тонна 224 келі “Күкірт қышқылы» прекурсоры алынды.