Жамбылдық сегіз қыран
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адами қасиеттер мен ұлттық құндылықтарды арттырудың тиісті шараларын нақты көрсеткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында елге еткен еңбегімен көпке үлгілі қазақстандықтардың есімін танытуды тапсырғаны белгілі. Ұлт көшбасшысы «ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістік¬терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн» деген болатын. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде халқына деген патриоттық сезімін, сүйіспеншілігін ісімен көрсетіп жүрген жандардың тізімі жасалып, «100 жаңа есім» жобасы өткен жылы жанданған-ды. Олардың сол атқа лайықтылығын барша халық растауы үшін ашық дауысқа да салынды. Көп ішінен ең үздік шыққан 102 тұлғаны тұп-тура бір жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінде Елбасының өзі жариялап, құттықтады. Олардың қатарында жамбылдық 8 «жаңа есім» де болды.
Сембек Сейдәзімов
Үздік жүздікке енгендердің қатарында атымтай жомарт азамат Сембек Сейдәзімов көш бастап тұр. Жамбылдықтар қоғамдық істерге қосқан үлесі арқылы жақсы таниды. Тараз қаласындағы кірпіш зауытының жұмысы тұралап қалған тұста Сембек Әбітайұлы өндіріс орнын қолға алып, ісін ілгерілетті. Іскер азамат «Кирпичник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры ретінде кәсіпкерлік қырын танытты. Көптеген тұрмыстық жағдайы аз қамтылған жандарға көмегін аямады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының мүшесі, филиал жанындағы жемқор¬лыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы тұрғысынан да қарапайым халықтың мұңын жоқтап, келелі істерді жүзеге асыруға атсалысты. Жетімін жылатпаған халқымыздың ұлылығын көрсетіп, аталмыш саяси партияның «Бақытты балалық шақ» жобасына демеуші ретінде қатысып, әке-шешесінен айырылған Екатерина Шуригинаның атына «Цесна банктен» арнайы есепшот ашып, қаржылай салым салып тұрады. Ол бұдан да өзге тұрмыстық жағдайы аз қамтылған талай азаматтарға қол ұшын беріп, Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысына демеушілік көрсеткен атымтай жомарт жан. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде Гродеково ауылдық округіне қарасты Қызыл¬дихан ауылына көпір салып берді. «Тараз-Қырғызстан» бағытындағы автожолға 120 «КамАЗ» құм төсетіп, тегістетті. Жасөспірімдерді білімпаздыққа ынталандыру мақсатында әр тоқсан сайын үздік оқитын оқушыға арнайы стипендия тағайындап, ал орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген түлектерге жыл сайын 40 000 теңге көлемінде сыйақы беріп келеді.
Арыстанбаевтар
Ал көпбалалы әке, үлгілі отағасы, полиция сержанты Ғалым Арыстанбаев жұбайы Әлиямен бірге ата-анасынан айырылған 8 баланы өз қамқорлықтарына алып, тәрбиелеп отыр. Бұл балалардың ішінде қазақтан өзге әзербайжан, қытай, өзбек, сыған, орыс, ұйғыр, татар ұлтының бүлдіршіндері де бар. Бүгінде Арыстанбаевтардың шаңырағында өз балаларымен қосқанда 11 балдырған өсіп келеді. Татулығы жарасқан жанұя «Мерейлі отбасы» байқауында 1-орынның биігінен көрінді.
Зульфия Габидуллина
Зульфия Габидуллина — тағдырдың сынағына қайыспай, қайсарлық танытқан тұлғалардың бірі. 1971 жылы жол апатына ұшырап, омыртқабас, қол және аяқ жарақатын алған ол кездескен кедергілерге мойымады. Спортпен 1990 жылдан бастап шұғылданып, бірнеше әлемдік рейтинг бойынша дүниежүзінің ең үздік сегіз жүзгіштерінің қатарына енді. Еңбекқорлығымен 2013-2015 жылдардағы әлем чемпионаттарынан күміс және 3 мәрте қола жүлдесін иеленіп, әлемнің 12 мәрте рекордсмені атанды. Жігерлілігімен көпті мойындатқан Зульфия Раухатқызы Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарында алтыннан алқа таққан тұңғыш Қазақстан спортшысы атанды. Бүгінде Зульфия Габидуллинаның еншісін әлем чемпионы деген атақ та бар, сондай-ақ 156 әртүрлі сұрыптағы медальдардың иегері.
Ақжүрек Таңатаров
Жамбылдық спортшылар қатарынан өзіндік биік орнын қалыптастырған Ақжүрек Таңатаров Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, бірнеше дүркін халықаралық біріншіліктердің жеңімпазы.
Ол Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылында 1986 жылы дүниеге келген. Сол ауылда 3-ші сыныпқа дейін білім алып, 1996 жылы әкесі оны күреске қатыссын, осы балам спортшы болсын деп қалаға көшіпті.
Шынашақтайынан шымыр денелі Ақжүрек осы жылы еркін күрес секциясына жазылады. Азат елдің асқақ ойлы азаматы сол бір бала шағында Олимпиада ойындарында атой саламын деп ойлады ма екен?! Сол жылдары ғой, Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов бастаған жамбылдық жампоздар Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Олимпиада ойындарында абыройымызды асқақтатып, қос бірдей күміс және қола жүлдемен оралды. Боксшы ағаларының осы жеңісті жорығы тұла бойы намыстан жаралған Ақжүректі де спорт залға жетектеп келген еді. Мақсаты — Тәуелсіз Қазақстанның қоржынына Олимпиада жүлдесін салу.
Жамбылдық жампоз бұл арманына 2012 жылы қол жеткізіп, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Осылайша оғланымыз «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жүзден жүйрік шықты.
Бауыржан Исламхан
«Қайрат» футбол командасы мен Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан 2016 жылғы Қазақстан чемпионатының үздік футболшысы атанды. Байзақ ауданында дүниеге келген спортшы футболмен 10 жасынан бастап айналысқан. Қабілеттілігімен көзге түсіп, ұлттық құрамаға шақырылған Бауыржан Исламхан жастар құрамасы сапында «Достастық кубогінің үздік ойыншысы» атанды. Кәсіпқой футболшы ретіндегі мансабын «Тараз» футбол клубында бастаған.
Тараздық талант ел біріншіліктерінен бөлек, Еуропа лигасында да жасындай жарқырай білді. Бауыржанды футбол сүйер қауым интеллектуал ойыншы деп атайды. Себебі ол алаңдағы ойынды тез оқиды, іркілмейді. Жылдам шешім қабылдайды. Аяғына доп тисе болды қорғаушыларды алдап өтіп, ешкімнің миына қонбайтын құйтұрқы пас шығарады. Кейде жалғыз өзі ойынның тағдырын шешіп кетеді. 2016 жылы британдық BT Sport телеканалы Еуропа лигасындағы Бауыржан Исламханның голын ең әдемі гол деп жариялады. BT Sport сайтында оның голы 86 пайыз дауыс жинаған.
Ерлан Бақтыгерей
Бүгінде жеке ісін ашқан дирижер Ерлан Бақтыгерей Астана қаласындағы Академиялық филармония симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі ретінде өнерсүйер қауымның ықыласына бөленген жан. Ш.Қажығалиев атындағы 1-ші Республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты атанған ол Нұрғиса Тілендиевтің «Алтын тау», Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операларын сахналаған. Халықаралық ұйымдастырушылармен бірге түрік әлеміндегі композиторларға арналған «Түріксой» концертін өткізіп, талантын жаңа қырынан танытты. Өнермен, кәсіпкерлігімен белгілі Ерлан Бақтыгерей 7 баланың әкесі.
Әбдібек Пошкаев
«Бурное ірімшік зауытының» директоры Әбдібек Пошкаев кәсіптің көзін тапқан азамат. Аталмыш өндіріс орны 2012 жылы тоқырауға ұшырап, тоқтап қалғанда іскер кәсіпкер ізденімпаздығымен оны қайта іске қосты. Сол еңбектің нәтижесінде бүгінде «Бурное ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдері көптің сұранысына ие. Өнімдері ел нарығынан бөлек, Ресейге де экпортталады.
Марат Саршаев
«Орталық клиникалық аурухана» АҚ-ның нейрохирургі Марат Саршаев халық денсаулығын қорғаудағы еңбегімен үздіктер қатарынан көрінді. Қазірде әлемдік деңгейде күрделі мәселеге айналған инсульт ауруымен күресуге Марат Аманғалиұлының қосқан үлесі зор. Бірінші санаттағы дәрігер 2015 жылы «Ең үздік жас дәрігер» атағын иеленген.
«Еңбек ер атандырады» деген аталы сөздің тағы бір дәлелі міне осы жобада көрініс тапқаны анық. Өз мамандығына деген сүйіспеншілігімен, қоғамның дамуына қосқан еңбегімен елінің елеулісі атанған бұл тұлғалар — облысымыздың мақтаныштары. Жүз жаңа есім қатарынан табылған әрбір жамбылдықтың бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Саятхан Сатылғанов