Жамбылдық шаруаларда дамыл жоқ
Диханшының еңбегі ала жаздай еткен еңбектен бөлек, егіннің шығымы мен оның түсіміне қарай өлшенеді. Бүгінде жердің төсін емген Жамбылдық шаруалар бітік шыққан егінді уақытылы орып, оны төкпей-шашпай жинап алу қамына кіріскен. Жалпы, осы жылы облыстың аграрлық саласында өсім бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімі – 103,8 пайызды құрап, жер көлемі жылдағыдан 2 мың гектарға артық ұлғайып, барлығы 670 мың гектарға дән себіліпті. Егін орудың өткен жылдан 60 пайызға жоғары болуы да тәуір көрсеткіш. Былтыр бұл көрсеткіш – 39,5 мың гектар болса, 2019 жылы – 64,7 мың гектарды құраған, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.
Алқаптардың ұлғайтуда өткен жылы құрылған механикалық жасақтың тигізген пайдасы айрықша екенін атап өтуіміз керек. Егер бұл жасақ облыстағы 27 канал мен 5 су қоймасын (ұзындығы 99 шақырым тазалап, 6,6 мың гектар суармалы жерді қалпына келтірмегенде жағдай басқаша болар ма еді?!
Облыс аудандарының ішінде Жамбыл ауданы биыл 2026 гектарға күздік бидай, 75 гектарға жаздық бидай, 11135 гектарға арпа еккен еді. Бүгінде алқаптарда жайқалған ақ егісті орып, қырманға түсіру жұмыстары аяқталып келеді. Мәселен, байзақтық «Қызылдиқан» өндірістік кооперативінің егіншілері дала төсіндегі қарбалас тірлікке әлде қашан кірісіп-ақ кеткен. Ақ егістің түсімі ауыз толтырып айтарлықтай. Түсім қырманға «Зил-130» және «Газ-53» маркалы жүк көліктері арқылы тасымалдануда. Бұдан бөлек бірді-екілі «МТЗ-82» тракторлары да дән тасуда. Біз алқап басына барғанымызда шаруашылық басшысының орынбасары Жақсынбет Жамансариевті кезіктірдік. Ол егіннің бітік шығуын ел ырысына балап отыр.
- Былтыр күзде 600 гектарға бидайдың «Стекловидная-24», көктемде 600 гектарға арпаның «Арна», «Бәйшешек» сұрыптарын сепкен едік. Тұқымның сапалылығына көз жеткізіп отырмыз. Негізінен егін оруды бастағанымызға бір апта ғана болды. Бүгінгі күнге дейін 270 гектар арпа, 50 гектар бидай алқабы орылып, дән бастырылды. Әзірге түсім гектарына 15,1 центнерден айналуда, – деді ол.
Біз шаруаның сөзінен «арық сөйлеп, семіз шық» деген нақылды ұқтық. Өйткені, бұл шаруашылыққа тиесілі дән жиынтығы пайымдауларынша науқан соңында гектарына 25 центнерден айналатынынан үмітті.
Жалпы, астық орып, бастыру науқанының ойдағыдай өтуіне мұнда барлық жағдай жасалып отыр. Механизаторлар үшін көшпелі асхана көмегімен ыстық ас та ұйымдастырылады. Механикалық отряд дер кезінде техникалық қызмет көрсетуде.Астықтың шығымы да, алғашқы түсімі де жаман емес. «Қызылдиқандықтар» биыл ақ егістен мол өнім жиналып алынады деген нық сенімде.
Жалпы, дихан атаулы жердің құнарлығын арттыратын тыңайтқыш, астықтың шығымдылығына кепіл боларлық агротехника мәселесін назарда ұстаса, жаңа технологияларды мейлінше пайдалана білсе ырысқа кенелетіні анық.
Әлім Мұратов
Жамбыл облысы