Жамбылдық  жоба   аулаңа  табыс,  қораңа «қазына»  әкеледі   

   «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бағытындағы Жамбылдағы қанат қақты жоба аясында Талас ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Асқар Мырзахметов   Үшарал ауылдық округіндегі «Ақбас» шаруа қожалығының тынысымен  танысты.
     Қожалық жетекшісі Айгүл Абиева негізінен мал шаруашылығымен айналысатындығын жеткізіп, құрылым иелігінде жер қорынан 1122,7 гектар, жайылымдық және шабындықтан – 420,59 гектар, орман қоры жеріндегі жайылымнан – 4269 гектар алқабы барын айтты.
10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруақожалық қазіргі таңда барлығы 605 бас мүйізді ірі қара, 3297 қой мен ешкі, 300 бас жылқы және 167 түйенің күтімін келтіріп отыр. Қажетті техникалары да жоқ емес. Алайда, қожалық жетекшісі орман қоры жеріндегі жайылымдарға инвестсубсидия бойынша құдық қаздырып, суландыруға мүмкіндігі болмай отырғаның жеткізді. Асқар Исабекұлы ол мәселенін тиісінше шешу жолдары қарастырылатынын айтты.

Жалпы Талас ауданының мал шаруашылығы бағытында атқарған жұмыстары ауқымды.    Ағымдағы жылы мал басы 2018 жылдың 8 айымен салыстырғанда  мүйізді ірі қара 27 769 басты құрап, 3,7 пайызға өскен.  Қой мен ешкі  395 650 басты құрап 3,2 пайызға артса,  жылқы 10 989 басқа жетіп  4,1 пайызға көбейген. Түйе малы 2 458 басты құрап 9,9 пайызды межелесе,  үй-құстары 34 633 басты діттеп  8,3 пайызға өсіп отыр. Ал шошқа болса,  375 басты құрап 3 есеге артып отыр.

Тиісінше ет және сүт өнімдерін өңдіру бойынша  2018 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда  ет 8 мың 138,4 тонна құрап, 2,9 пайызға өскен,  сүт 6 мың 360 тонна құрап, 2,7 пайызға артқан, жұмыртқа 1 миллион  949 мың дана өндіріліп, 0,4 пайызға көбейіп отыр және  жүн 289,7 тоннаны  құрап, 1,9 пайызды межелеген.

Қарап отырсаңыздар ауданда бағдарын тапқан тіршілік баршылық. Енді «Қарапайым заттар экономикасына» бағыталған жаңа жоба аясында төрт түлік басын арттыратын жаңа мүмкіндіктер туып отыр. Яғни төмен пайызды несиемен қара халық қорасын малға толтырып, несібесін көре алады. Ол үшін өтінім беріп, ниет танытса болғаны. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының аудандарды аралап, жұртшылықпен жүздесіп жүргенінің де негізгі себебі осы. Бұқараға бақша баптап та байып, төрт түлік өсіріп те тұрмыс сапасын жақсартуға болатындығын ұғындыру. Осынау ауқымды жобадан таластық тұрғындар шет қалмайды деп сенеміз.

 

Дедек Төлен