Жамбылдық журналистер жүлдемен оралды
Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай БАҚ қызметкерлері арасында шағын футболдан өткен республикалық турнирден жамбылдық журналистер жүлдемен оралды. Бұл туралы “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Сыр елінде өткен доп додасына Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан, Алматы,Түркістан және Жамбыл облыстарынан 14 команда қатысты. Осы құрамалар қатарында әулиеаталық БАҚ қызметкерлерінен жасақталған 2 команда бақ сынады.
Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли бастаған “Тараз Press” командасы жергілікті “Qyzylordatv” құрамасымен кездесіп, турнирдің шымылдығын ашты. Алғашқы ойыннан бастап басымдық көрсеткен “Тараз Press” командасы финалға дейін қарсылас шақ келтірген жоқ.
Жерлестеріміз жартылай финалда “Хабар” телеарнасының құрамасымен кездесті. Ойынның негізгі уақытында қарсыластар өзара мықтыны анықтай алмай, бәсекені пенальтимен жалғастырды. Ең тартысты өткен кездесу жамбылдық команданың жеңісімен аяқталып, “Тараз Press” финалға шықты.
Сондай-ақ, жаңадан жасақталған “Жамбыл media” -ның да финалға шығуға мүмкіндігі мол болды. Жартылай финалға дейін басымдық көрсеткен жамбылдық команданың жолын шымкенттік “Ернияз-медиа” жігіттері кесті.
Үшінші орын үшін өткен бәсекеде “Жамбыл media” жігіттері “Хабар” командасына жол беріп, турнир кестесінің 4 орнына жайғасты. Шешуші ойын “Тараз Press” пен “Ернияз-медиа” арасында өтті. Алма-кезек шабуылмен өрбіген кездесуде тараздық ойыншыға қызыл қағаз көрсетіліп, алаңнан қуылды. Ойыншысы аз болса да жамбылдық команда қарсыласына есе жіберген жоқ. Негізгі уақыт тең нәтижемен аяқталды. Пенальти сериясының нәтижесінде “Тараз Press” командасы жүлделі 2-орынды еншіледі. Қызылорда облысы әкімінің кубогы шымкенттік “Ернияз-медиа” командасына бұйырды. Тек жаңалық жаршысы болып қана қоймай, спорттық жарыстарда да облыс намысын қорғап, жүлдемен оралған жерлестерімізді шын жүректен құттықтаймыз.
Айта кетейік, “Жамбыл media” командасы спортқа жанашыр жандар облыстық “Jambyl” телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіxалық пен “Ауыл-Береке” сауда кешенінің қаржылай қолдауымен Қызылорда қаласына барды.
ZhambylNews