ЖАМБЫЛҒА АРНАУ. КҮЙ

Бұдан 50 жыл бұрын біртуар күйші Төлеген Момбеков жыр алыбына арнаған шығармасын осылай атаған екен. Тек аудиосы сақталған осы күй Жамбыл бабамыздың 175 жылдығы қарсаңында нотаға хатталды. Жариялаған — көрнекті күйші, өнертанушы-ғалым, білікті педагог Жанғали Жүзбаев. Қазір өзі осы күйді орындап жүр.
Иә, ол ұлттың күй мұрасына адалдық пен жанашырлықты сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келеді. Аты әлемге танымал Жамбыл бабамыздың, ұлттық әдебиет пен өнер тарихындағы өшпес із қалдырған өзге де тұлғаларымыздың өмірбаянын, шығармашылық жолын білу — қай зиялыға да артық болмас.
Жыр алыбы әкесінің есімі — Жапа, шешесі — Ұлдан, осы асыл ананың нағашысы — ел арасында қобызшы Үйсін Қанадан екені — бүгінгі жастарға тәлімді ақпарат. Сондай-ақ Жамбыл бабамыз әуелі қобыз тартқан. Күй де шығарған.
“Ыңғайтөк”, “Сұрмерген”,
“Басшылбай-Күйшілбай”,
“Ұран” деген күйлері — ақын заманының айтулы мәдени мұрасы. “Кер заман” атты (1916) күйі де көп насихаттала бермейді.
Жалпы алтын қорымызға енген кез келген күйді тарихын айта отырып тарту — мәдениетімізді тану мен танытудың тамаша мүмкіндігі. Төлеген Момбековтің
“Жамбылға арнау” күйі туралы бір-екі ауыз сөзіміз — соның айғағы.
Дархан МЫҢБАЙ