Жан кетсе, кетсін, ар кетпесін !

Жақсы мен жаман
№ 103. Жан кетсе, кетсін, ар кетпесін !

Осы бір әңгімені Мәшһүрден оқыдым. Оқыған сайын әсері күшті. Кенесары қырғызда қоршауда қалғанда Ағыбай мен Жанайдар батырлар алдына үш рет барады: «Тақсыр, қоршауды бұзып өтейік, бізбен бірге жүріңіз» деп. Екі батыр да өздерімен бірге еріп жүрген бала-шаға, ауыл-аймағын ойлап, жау қолына түседі-ау деп алаңдаулы болса керек. Хан көнбеген соң сексен жігітті бастап қырғызды қақ жарып екі батыр елге қайтады. «Сонда сол сексен кісінің ішінде бір шолақ аяқ бар деседі. Сол аяғы- тізесінен төменгі жағы жоқ, өзін екі кісі зорға көтеріп атқа салады.
Ат үстіне бір мініп алған соң, мың кісі де түсіре алмаушы еді. Соғыста Кене ханның ту ұстайтұғын сенімді батырының бірі еді,- дейді.
Ту ұстап соғыста жүргенде, сол жақ тізесінен екі оқ, иә үш оқ па бірден тиіпті. Туы қолында, жалма-жан қосқа келіп, бақыршысына-Бір бақыр май қайнат !- депті.
Майды қайнатып алып келген екен, ат үстінде тұрып, аяғын шорт кесіп алып, денеде қалған жағын қайнап тұрған майға бір батырып алып, шалбарының балағын ауызын буып, кесілген сирағын қанжығаға байлап алып, қолында ту, жауға қайта шауып кетіпті. Үзеңгіге салатұғын аяғы болмағандықтан: «Түссем, міне алмай қалам-ауі»- деп, ат үстінде жұмыстап тұрғаны сол екен. Түп-тегі Айдабол-Күліктің Күлігі Тілеуімбет деген табынан шыққан екен, аты -Биқозы. Сол аяғына ағаш қиып салып «Ағаш аяқ» атанып, қартайып өлді. Баласы Нұрмақ саудагерді көрдік. Тәнті мырза заманында Қызылжар алыпсатарының белгілі бір кісісі болып жүрді. Қазақ мұны «батыр» дейді, мен батыр демеймін. Жан қадірін білмейтұғын, жансебіл, өлу-тірілу ойында жоқ:
-Жан кетсе, кетсін, ар кетпесін ! Намысты қолдан бермелік, қарап тұрып өлмелік !- деп жүргеннің бірі ғой деп ойлаймын» дейді Мәшһүр Жүсіп.
Мәшекеңнің «Жан кетсе, кетсін, ар кетпесін !» деген сөздері қандай күшті айтылған, мысалдың өзі сөзден де күшті. Қазақ руханиятында «ар» деген ұғым қандай биік ! Бұрыңғы орыс армиясындағы «честь имею» деген сөздің мағынасы қазақтың «малым жаным садағасы, жаным арым садағасы» деген сөзімен үндес. Біздің әскери азаматтар «Жан кетсе, кетсін, ар кетпесін !» дегенді біле ме екен, білсе күнделікті қолданса дұрыс болар еді. Ар -азаматты жақсы қатарына қосатын қасиет !

 
Жамбыл Артыкбаев фейзбук парақшасынан