Жан тербеткен «Жайлаукөл кештері»

Қазақстанның Еңбек Ері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Ілия Жақановты жерлестері мақтан тұтады. Талантты сазгердің жүрек қылын қозғайтын әндері ешқашан өнерсүйер қауымның жадынан өшпейтіні анық. Өмірін өнерге арнап келе жатқан ғажап композитордың еңбегі кәсіби мамандар тарапынан лайықты бағасын алған.

Мен белгілі композитордың туған жер төсінде дүниеге келген «Жайлаукөл кештері» атты әнінің шығу тарихына тоқталғанды жөн көрдім. «Жайлаукөл кештері» әніне адамның қандай жансезімі, қандай ғажап табиғаты сыйып кеткен десеңізші. Көктемнің жайма шуақ сәуір-мамыр айларында Жайлаукөлге келсеңіз айнала гүл болып, құлпырып кетеді.
Бұл әнді қай орындаушы орындаса да менің жүрегімді тебірентері сөзсіз. Себебі мен 1953 жылдың 14 мамырында Сарысу ауданы, Жайлаукөл ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келдім. Әкем Бегалы Сақыпбеков көп жылдар Сарысу ауданында ұстаздық еткен. Ал анам Күлбағдат Абильдина 30 жылдан астам Сарысу ауданының жоғарыда аталған мектептерінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Оның ішінде 1952 жылдан 1960 жылдың тамыз айына дейін Сарысу ауданы, Жайлаукөл ауылында Жданов атындағы жеті жылдық мектебінде (қазіргі Жайлаукөл орта мектебі) ұстаздық еткен. Осы жоғарыдағы жайттарға байланысты «Жайлаукөл кештері» әнінің үні маған және менің отбасымның әр мүшесіне ерекше болып естіледі.

1993 жылы Ілия Жақанов ағамыз ұлы күйші Ықыластың туғанына 150 жыл толуына арнайы шығарылған «Қобыз атасы – Ықылас» туралы жинақты құрастырған еді. Бұл жинақты мен толығымен оқып шықтым. Себебі мен 1991-1996 жылға дейін Сарысу ауданы, Сарысу совхозында директорлық қызмет атқарып, Жайлаукөл ауылында тұрған едім. Ауыл басшысы болғаннан кейін Ықылас Дүкенұлының туғанына 150 жылдық мерейтойға байланысты Алматы қаласында, Сарысу ауданының орталығы Саудакент ауылында, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Жеңіс совхозында өткізілген барлық іс-шараларға қатысып, ұйымдастыру ісінің басы-қасында жүрген болатынмын. Әрине, бұл шаралардың барлығы Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов ағамыздың басқаруымен өткізілген еді. Біз Ілия ағамыздың осындай еңбектерін ешқашан ұмытпаймыз.

Жұмабек САҚЫПБЕКОВ,
зейнеткер,
Сарысу ауданының Құрметті азаматы.
Сарысу ауданы.