Жаңа әліпбидің жалпыласуына ұзақ уақыт керек…

Көптен бері айтылып келе жатқан «латын жазуына көшу» мәселесі «кезекті науқан» болудан гөрі шындыққа айналатын түрі бар. Парламентте өткен талқылаудан кейін жұрт арасында аса күшті аңыс қозғаған «жазу реформасының» қызуы әлі басылған жоқ. 2013 жылы Елбасының емеурінімен жақсы басталып барып, аяғы сиыр құймышақтанып кеткенінен секем алып қалған жұрттың арасында әлі де күдікпен қарайтындар да бар. Соған қарамастан жұрттың, талқыға тасталған жобаға көкейіндегі ойын білдіріп, атсалысып жатқаны да қуанарлық жағдай. Соңғы кездегі аталмыш тақырыптың айналасында, жақсы-жайсаңдардың жылы лебіздері мен тіл танушы ғалымдарымыздың дәле-дәйектерін қысқа мақаламызға аздап тұздық ете отырып, әңгіменің өзегі- әліпби алмастыру дейтін ауқымды әрі маңызды жұмыс қашан аяқтайды? Халық осыған дайын ба?- деген сауал төңірегінде тоқталуды жөн көрдік. Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталы­ғының директоры Ербол Тілешев мырза «adebiportal.kz» порталына берген сұхбатында (Жаңа әліпбидің артықшылығы көп… 14,09,2017) латын жазуына көшудің маңыздылығы мен қоғамда талас тудырып отырған «бір дыбыс бір таңба» ұсынысы мен ғалымдар ұсынған жоба арасындағы келіспеушіліктер туралы түсінікті түрде айтып берген еді. Оқырмандарға ұғынықты болуы үшін кейбір тұстарын қайталай кетейік. Латын графикасына негізделген жаңа әліпбйдің «артықшылықтары: Құрама таңбаларды беру арқылы әліпбидегі әріптер саны азаяды; Жаңадан жасалған қазақ-латын әріптерін жас буын мен қазақ тілін үйренем деген шетел азаматтарына оқыту, үйрету оңай болады; Қазақ тілінің грамматикасына, әсіресе, орфография мен орфоэпия заңдылықтарына еш қиындық келтірілмейді; Әліпби ғылымда да, техника да қолдануға өте тиімді; Әліпби қазақша мәтіндерді кез келген компьютердің пернетақтасы арқылы басқа қосымшаларға өтпей-ақ, оңай және жылдам теруге мүмкіндік береді; Әліпби қазақ тіліне аударылмайтын халықаралық кірме термин сөздердің жазылуын қазақ тілінің дыбыстық жүйесін өзгертпей, түпнұсқаға жақын жазуға мүмкіндік береді. Кемшіліктері: Латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің негізгі кемшілігі деп контекст барысында сөздердің шұбалаңқы болып көрінуін айтуға болады. Бірақ уақыт өте келе көздағды мен қолдағды қалыптасып, бұл кемшілік әліпбидің артықшылығына да айналуы мүмкін»- деген екен. Әрине, ғалымның пікірі орынды. Сан-алуан ойлардың ішінен «шымшық сойсада қасапшы сойсын» деген ұстанымға сай, кәсіби маманның ойын ситатқа келтірдік. Әйтпегенде, «Кеш-ю» тобы да «латынға көшуді қолдап» жатыр емеспе?!

Қаншама жылдан бері айтылып келе жатқан әліпби алмасытру мәселесі төңірегінде өте көп пікірлер айтылды. Артықшылығы мен ұтылатын тұстарымыздың ешқайсысы қағыс қалған жоқ. Деседе тәуекелге бел буып өзгерткелі жатырмыз. Ал осыны ары қарай дамытып әкете аламызба?- деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Біздің қаупімізде де осында. Ең әуелі «кирилл жазуы қатар жүре береді, орыс тіліне қатысы жоқ, тек қазақ тілі ғана өзгереді»- деген сөз айтылды. Тура осы жерден қоғам екіге жарылмайма?- деген сұрақ туындайды. Журналист, филология ғылымдарының кандидаты Қуандық Шамақайұлы өзінің фейсбуг парақшасында «Неге орыстілді мектептер, өзге ұлттар (бәріміз бір елдің азаматтарымыз ғой) латын әліпбиіне көшпейді? Мемлекеттік тіл мен жазудың оларға еш қатысы жоқ па? Унитарлық мемлекеттің біртұтас халқын осылай бөлшектеп тастаудың астарында қандай мақсат бар?»- деген ой айтыпты. Бұл да қоғамдағы қаншама адамның көкейіндегі сұрақтардың бірі. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтседе, туған тіліміздің тұғырына қона алмай отырған жайы барлығымызға белгілі. Біртұтас қазақ ұлты бола тұрып, «орыс тілді қазақ», «қазақ тілді қазақ» болып бөлініп жүргеніміздің өзі қасырет емеспе деі? Ендігі жерде сол «қазақ тілді қазақтардың» өзі «кирилл қазақ», «латын қазақ» болып бөлінібесіне кім кепіл? Ал, мемлекет құраушы ұлттың өзі осындай болып жатқанда, елімізде тұрып жатқан өзге этнос өкілдеріне не деуге болады? Сондықтан қазақ тілі қанатын кеңге жая алмай тұрған ортаға, тағы да бір жаңалықты енгізгеннен келетін өзгерістің нәтижесі қандай болары белгісіз бе деген ойды талай адам әлеуметтік желіде ашық білдіріп жатыр. Осы жаңалық бастала салысымен-ақ, кейбір көзіқарақты деген азаматтардың өзі «өле-өлгенше кириллшемен кететіндіктерін» әлден айтып салды. Себебі- жаңа әліпбиді үйреніп «шаршағысы» келмейді… Осы туралы айтылып жатқан тоқсан түрлі ойлардың ішінде «Мемлекет алдағы уақытта латын жазуына көшіруді бастайды» дегенінен алаңдаған кейбір қазақтар, «балаларының сауатсыз болып қалуынан алаңдап, енді мектеп табалдырығын аттаған балаларын орыс кластарына беріп жатыр» деген де сыбыс таралды. Бұл туралы құзырлы органдар нақты мәлімет бере қойған жоқ. Деседе, көңіл аударатын жағдай екендігі анық. Бұл жерде мемлекет құраушы ұлттың жан саны арытқанымен де, бір тұтас тілдік ортаның әлі күнге қалыптаспай отырғандығына қарап-ақ, біраз нарсені бағамдауға болатын сияқты.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі жерде, түркі тілдес елдердің ішінде латын жазуына көшкен Әзербаижан, Өзбекстан қатарлы елдердің тілдік жағдайлары «оңалып кетпегендігін» ақпарат құралдарынан көріп жүрміз. 1993 жылы “Латын жазуына негiзделген өзбек әлiпбиiн” енгiзу жөнiнде заң қабылдаған Өзбекстан, сонан бері 24 жыл өтседе, көздеген мақсаттарына әлі жете алмапты. Қазірге дейін екі түрлі жазуды қатар қолданып келе жатқан өзбектер, көбінде кириллшені қолданғанды жеңіл көреді екен. Газет-журналдың басым бөлігі кириллшеде басылып шығып жатса, латын жазуында шыға бастаған басылымдардың тиражы көрнекті дәрежеде азайып кеткен. Мемлекеттік мекемелердің өзі, іс қағаздарын толықтай латын жазулы нұсқамен алмастыра алмаған, сонымен қатар басшылық орындағы лауазымды тұлғалардың өзі, іс жүргізуге кирилшені қолайлы көретін көрінеді. Көше атаулары, мемлекеттік мекемелердің маңдайшалықтары латын жазуында тұрғанымен, іс жүргізуде әлі күнге кириллшеден, орыс тілінен ажырамаған Өзбекстанның нақты жағдайы нені аңғартады? Біздің елде де «Жоғарғы сот», «Қорғаныс министрлігі» болып жазылып тұрғанына қарамастан күні бүгінге дейін тап-таза орыс тілінде іс жүргізіп келе жатқанымызды неге қаперге алмаймыз?

2013 жылдары басталған (өкінішке қарай науқан күйінде қалып қойған) «латынға көшу» кезінде, өзгеде түркі тілдес мемлекеттер Қазақстанның латын жазуына өтуінен үлкен үміт күтетіндіктерін аңғартқан еді. 2013 жылы маусымның 9 жұлдызында Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдарының мұрындық болуымен «Латын әліпбиіне көшу: тәжрибе және ықпалдастық» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Сол конференцияда Түркі кеңесі бас хатшысыныңы орынбасары тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі мырза, 1926 жылғы Бакуде бас қосқан түрік зиалыларының ортақ шешімі бойынша қабылданған латын әліпбиінен тартып қысқаша баяндай келіп Бішкекте өткен Түркі әлемі ақсақалдары кеңесінің жиынындағы өрелі ойларды былай жеткізіді. «Бішкектегі жиналысқа қатысқан Түркия ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Президент Әкімшілігінің басшысы Мұстафа Есен «егер 34 қаріпті Қазақстан қабылдап, бұл түркі әлеміне ортақ әліпби болатын болса, біз Түркия Республикасы Қазақстанның қабылдаған әліпбиін қабылдауға әзірміз. 70 жылдан астам бір әліпбиде отырғанымызға қарамастан, бізідң ғалымдарымыз оны қолдайтын болады» дегенін, сондай-ақ Қырғыз ғалымдары да Қазақстан латынға көшсе айтулы бастамаға ілесетіндерін ашық айтып отырғандықтарын» жеткізген еді. Рухани бірлікке ұмтылуды мақсат еткен түбі бір түркі жұртының қайтадан бөрілі байрақтың астына бірікпеседе бір әліпбиге бірккісі келетін аңсары әрине құптарлық жағдай екені түсінікті. Осы жерде, «түркі тілдес халықтар ортақ әліпбиге көшсе де, бір-бірінің әдебиетін аудармасыз оқи алама?»- деген сұрақ туындайды. Кирилл әрпімен жүрген кездің өзінде, қазақ, өзбек, татар халықтары ортақ таңбада болған жоқ қой. Ішінара дыбыстарды, әркім өз алдына таңбалап келді. Ал, тәуелсіздіктен кейінгі жылдары латынға көшкен Өзбекстан қатарлы елдер, Түркиялықтар қолданып отырған әліпбимен ортақтықты сақтаған жоқ. (тіл танушы ғалымдар Түркиялықтар қолданатын латын әліпбиінің кемшіліктері көп екендігін айтады) Түркі тілдес елдердің ортақ жазуға көшуі қуанарлық жағдай екені белгілі. Алайда туысқан халықтар арасында ортақ термин жүйесі, тек жоспар күйінде қалып отырғанын да естен шығармаған жөн. Осымен қатар жасыруға келмейтін тағы бір шындық- тамырлас халықтардың әдебиетімен танысуды қойып, төл әдебиетімізге қызықпайтын ұрпақтың өсіп келе жатқандығы. Бұл әрине қасырет екені анық. Қазіргі таңда кітап оқуға қызығатын адамдардың көбісі жастар емес…

«Түркі тілдес халықтар арасындағы әлем ақыны» Мұхтар Шаханов ағамыз кезінде, латын жазуына көшуге қарсы екенін ашық айтты. Ол кісінің пікірі бойынша «Қаншама жылдан бері жинақталған әдебиет, барлық кiтаптар, анықтамалықтардың кирилл жазуында басылғаны, оларды қайтара басу үшін қыруар қаражаттың кететіндігін ескеру» қажет. «Мәдени байлықтан айрыламыз» дегенге қарсы уәж айтушылар, арнайы әріп сәйкестендірушы программа арқылы қас-қағымда өзгертуге болатындығын алға тартады. Алайда біздегі барлық жазбалардың электронды нұсқалары жоқ екендігі тағы бар.

Латын жазуына көшудің артықшылықтары көп екен екендігін мойындауға болады. Ол ең әуелі қазақ тілінің тазалығына, әлемде шашырап жүрген қандастарымыздың бір-бірімен түсінісуіне аса тиімді екені анық. Алайда қазіргі таңда бұл өзгерістің толығымен жүзеге асуына ұзақ уақыт керек секілді. Оған дәлел ретінде бірнеше себептерді келтірдік. Бізбенен ортақ саяси кеңістіктің астында өмір сүрген тағдырлас, бауырлас елдер ана тілдерінің атмосферасы біздегіден анағұрлым жақсы болғанына қарамастан бұл реформаны сәтті аяқтай алған жоқ. Ал ел ішінде ана тілді кеңінен насихаттайтын күшті механизм, қатал тәртіп орнату да оңай болмасы анық… Сондықтан да қолға алғалы отырған игі бастама, барша жұрттың көңіліне қонып, сол арқылы тіліміздің құнарын сақтап, күллі түркі тілдес халықтармен ортақ рухани әлем қалыптастыру үшін талай уақыт қажет болары сөзсіз.

Ерқазы Сейтқали