Жаңа дизайндағы 20 мың теңгелік банкнот айналымға шықты
1 қазанда Қазақстан Ұлттық банкі номиналдық құны 20 000 теңгелік банкнотты айналымға шығарады.
Банкнот айналымдағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде жасалған. Мысалы, бет жағында көбіне тігінен орындалған бейнелер, сырт жағында көлденең орындалған бейнелер орналасқан. Дизайны номиналдың голографиялық бейнесі тігінен орналасқан металсыздандырылған жолақты қолдана отырып жасалған.
Банкноттың 25 қорғаныш элементі бар, мөлшері 155х79 мм және сұр түске басымдық берілген.
Жаңа дизайндағы 20 мың теңгелік банкнот айналымға шықты
Бет жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері, «Қазақ Елі» монументі, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы, «Басқұр» қазақ ұлттық ою-өрнегінің фрагменті және Тәуелсіздік жылдарын білдіретін «30» саны бейнеленген.
Банкноттың екінші бетінде Астананың және Ақорда резиденциясының панорамалық көрінісін көруге болады.
Номиналы 20 000 теңгелік жаңа дизайндағы банкнот өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдегі банктерде банктік шоттарға есепке алуға және аударуға, ұсақтауға, айырбастауға жатады.
Жаңа купюра «Қазақ Елі» сериясымен ұсынылған қазіргі таңда айналымда бар 500, 1 000, 2 000, 5 000 және 10 000 теңгелік номиналдағы банкноттардың қатарын толықтырады.
turkystan.kz