Жаңа ғимарат берілді
Хантау ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектеп жанынан құрылған шағын орталыққа жаңа ғимарат берілді. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Әлихан Балқыбеков қатысып, ауыл ақсақалдары Жолдасбек Әбушәкіров пен Шияус Әбсаматов лентасын қиды.
Бұған дейін Бурылбайтал ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің ғимараты болған нысанға заманауи үлгіде, балабақшаға лайықтап жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Аталған шағын орталық 25 балаға арналған. Мектеп директорының міндетін атқарушы Жанар Сәрсембетованың айтуынша, ауыл бойынша екі жастан асқан 20-ға жуық бүлдіршін балабақшаға баруға қол жеткізе алмай отыр. Демек, алдағы уақытта шағын орталық жұмысын жандандырып, балабақша етіп ашылатын уақыт та алыс емес.
Шағын орталық деген аты болмаса, мұнда оқыту-тәрбиелеу бағдарламасы балабақшамен бірдей. Таңғы сағат сегіз жарымнан кешкі алтыға дейін жұмыс істейді, балалар үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мұнда дене шынықтыру, сөйлеуді дамыту, сауат ашу, қарым-қатынас әрекеті, математика негіздері, сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, құрастыру, қоршаған ортамен таныстыру, шығармашылыққа, музыка мен биге бейімдеу сынды сабақтар өткізіледі.
Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ,
журналист.
Мойынқұм ауданы